МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТЫҢ ИГІЛІГІН КӨРГЕНДЕР КӨП
Бүгінде кәсіп бастап, нәсібін көрем деушілерге мемлекет тарапынан барынша жағдайлар жасалып келе жатыр. Өз кезегінде, берілген мүмкіндікті пайдаланып, жұмысын бастап, игілігін көріп жатқан жандар да баршылық. Соңғы уақытта Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламаның қыр-сырына қанық болып, көмек алып жатқан көптің қатары қалыңдап келеді. Бүгінгі материалымызда солардың бірнешеуі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.
Солардың бірі – Әйгерім Ережепова. 32 жастағы көпбалалы ананың мамандығы – дизайнер. 6 жылдан бері тігіншілікпен айналысып келе жатыр. 2022 жылдың басында қалалық жұмыспен қамту орталығының Instagram парақшасынан сәуір айында мемлекеттік грантқа құжат қабылдаудың басталатындығы туралы хабарландыруға көзі түскен ол тұрғылықты мекенжайы бойынша көпбалалы санатымен тиісті құжаттарын өткізеді. Уақыты келгенде арнайы комиссияның алдында бизнес жоспарын сәтті қорғап, оған грант (400 АЕК) тағайындалған. Алған қаражатына заманауи үлгідегі цифрлы тігін машинасын, ноутбук және өзге де қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады. Қазіргі таңда кәсіп иесі тапсырыспен түрлі бұйымдарды тігуде. Тіпті instagram-нан парақшасын да ашқан. «Адам алдына қойған мақсатына жету үшін әрекет етуі керек. Еңбектенуі тиіс. Сонда ғана қандай да бір жетістікке қол жеткізе алады. Көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға мемлекеттің қолдауы көп. Соның бірі — мемлекеттік грант. Жеке, шағын кәсібін бастауға зор мүмкіндік. Сондай мүмкіндік маған да туды» дейді ол. Бүгінде кәсіпкердің жұмысы жүріп, табысы да артқан.
Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген көптің қатарында қала тұрғыны Азиз Бакибаев та бар. ІІ топтағы мүгедектігі бар азамат денсаулығын алға тартатын жан емес. Азиздің қолынан келетін ісі – көлік жөндеу, ұрылған көліктерді түзеу, сырлаумен айналысу. Бастапқыда цех ашу үшін құрал-жабдықтардың керегі айтпаса да белгілі. «Атамекен» палатасында кәсіпкерліктің негіздерін оқып, серификатқа ие болдым. Бизнес-жоспарымды қорғау қиын болған жоқ. Өйткені бұл менің сүйікті кәсібім болатын. Грант алып, көлікті жөндеуге қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Қазір 3-4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Енді екінші шеберханамды ашу жоспарымда бар. Бұл ісім нәтижесін берсе, онда 3-4 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады» дейді ол.
Ал қала тұрғыны Сәуле Құдайбергенова мемлекеттік гранттың арқасында аяғы ауыр әйелдерге арналған жастық шығарып келеді. Бұл – сұраныстағы зат. Тігіннен хабары бар кейіпкеріміз жүкті аналардың денсаулығына аса қажетті жастықты аз уақыттың ішінде-ақ кәсібіне айналдыра білді. Бір айта кетерлігі, Сәуле Құдайбергенова өзінің мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан еңбектің көзін тапқан жан. «Рахат» кондитерлік фабрикасында еңбек еттім. Соңғы алты жылдан бері денсаулығыма байланысты жұмыссыз болдым. Қарап отыруға болмайды. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген аталы сөзіміз бар. Осы істі тәуекелмен бастап, уақыт өте келе жемісін көре бастадым. Мемлекеттің көмегін алдым. Енді ары қарай кәсібімді дамытып, қажетті құрал-жабдықтар алсам деймін. Пайдасы жақсы болып жатса, қосымша жұмысқа адамдар қабылдау да жоспарымда бар» дейді кәсіпкер.
Жалпы «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы экономикалық белсенділігін арттыру. Олай болса, аталған жоба үшінші мегаполисте өз тиімділігін көрсетіп, кәсібін дөңгелеткендер қатары артып келеді. Айта кетерлігі, 8 тамыздан бастап қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылданады. Ендеше, мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды. Әрекет түбі – береке!