10 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫНА ҚАТЫСҚАН

Бүгінде елімізде ғана емес, жалпы жаһанда сындарлы кезең болып отыр. Саяси оқиғалардың арты орны толмас олқылықтарға ұрындыруда. Азық-түлік бағасының шарықтауы, компаниялардың жұмысшыларын қысқартуы сынды түйткілдер әлеуметтің әлеуетіне әсер етпей қоймады. Сондықтан әлем елдері жаңа жұмыс орындарын құрып, жұмыссыз жүрген жандарға қолдау болуға баса назар аударып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстар шаш-етектен. Мәселен, үшінші мегаполисте 10 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларына қатысқан.

 

Нақтырағы, Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингі барысында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы шеңберінде биылғы жылға 33500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, жыл басынан бері 10 395 азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылғандығы туралы айтты. Сондай-ақ ұлттық жоба шеңберінде 1 632 жұмыссыз азаматтар жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес білім беру ұйымдарында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолдануда. Аталған ақысыз оқу мерзімі – 3 ай. Білім алушыларға ай сайын 20948 теңге шамасында шәкіртақы төленеді.
«Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша ағымдағы жылы 1150 адамға өтеусіз негізде мемлекеттік грант берілу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 226 азаматқа 400 АЕК көлемінде грант берілді. Ал мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 4819 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетіледі. Бүгінгі күнге әлеуметтік жұмыс орындарына – 123, жастар практикасына – 1295, ақылы қоғамдық жұмыстарына 2221, «Алғашқы жұмыс орны жобасына 214, «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына 6, ал «Күміс жас» жобасымен нақты 7 адам жұмысқа орналасқан» деді басқарма басшысы. Жалпы жыл соңына дейін 23 мыңнан аса адамды бос және жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру көзделсе, бүгінгі таңда 5700 адам тұрақты жұмысқа орналасып үлгерген.