ҚАЛА ӘКІМІ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТЫҢ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ

Шымкент қаласына қарасты Базарқақпа тұрғын алабындағы өзекті мәселелер жоқ емес. Соның негізгілерінің бірі – сапалы жол салу. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Биыл аталған өңірдегі ішкі орамдық жолдардың мәселесі шешіліп келеді. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі тұрғын алабқа барып, жөндеуден өткен жолдардың сапасын бақылап қайтты.

Еңбекші ауданы аумағындағы Базарқақпа тұрғын алабының көшелері толығымен орташа жөндеуден өтті. Атап айтқанда, Шахайдаров, Тельман, Жастар, Ақшенгел, Нарынкөл, Қорғамқұм, Ақыртасы, Таңыртау, Абдалиев және Жалпақтал көшелерінің сапасы жақсарды. Аталған көшелердің орташа жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, өндірістік кестеге сәйкес, маусым айының соңында толығымен аяқталды. Базарқақпадағы жөнделген көшелердің жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды. Барлық көшелерге қалыңдығы 10 см құрайтын асфальт төселген.
Жалпы үшінші мегаполисте биыл жөнделуі тиіс 308 көшенің бүгінгі таңда 77 нысан болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталған. Ал қалған көшелердегі жұмысты жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жоспар толығымен жүзеге асса, қаладағы жақсы және қанағаттанарлық көшелердің үлесі артып, сапа да жақсара түспек.
Айта кету керек, былтыр қала орталығындағы көшелердің сапасына айрықша назар аударылған болатын. Биыл, керісінше, қалаға қарасты шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендердің ішкі орамдық көшелерін ретке келтіру мен жөндеу жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Қала берді, қаладағы кептеліс мәселесін шешу мақсатында ірі көшелердің қиылысына жолайрық салу бастамасы да кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатыр.