ШЫМКЕНТТЕ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ШАРУА ҚЫРУАР

Ағымдағы жылы Шымкент қаласында ауқымды істер қолға алынып, өңірдегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Ал атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі тексеріп, тиісті тапсырмаларды да беріп келе жатыр.

Жуырда үшінші мегаполис әкімі Қайнарбұлақ тұрғын алабына арнайы барып, инфрақұрылыммен қамту, нақтырағы, ауыз су тарту жұмыстарын тексеріп қайтты. Жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады. Бұдан бөлек, табиғи газ жүйесін тарту жұмыстары биыл басталмақ. Ал тұрғын алабқа қарасты Степная, Бөлешов, №125 мектеп көшелері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жарықтандырылған. Өз кезегінде, қала әкімі құрылыс кезінде кететін кемшіліктерді дер кезінде түзетіп, жұмыс сапасын бақылауда ұстауды аудан әкіміне жүктеді.
Бұдан бөлек, шаһар басшысы Мұрат Әйтенов «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысымен де танысты. Аумағы 133 гектарды қамтитын аумақта 15 шақырымдық суаққының құрылысы жүргізілуде. Жұмыстың 46 пайызы орындалды. Сонымен бірге электр жүйесін тарту жұмыстары қарқын алған. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады. Ал ішкі және сыртқы жолдар үшін конкурс өткізілуде.
Бұдан бөлек, үшінші мешаполис әкімі Қаратау ауданындағы Шығыс айналма жолының құрылысына да барды. Қазіргі уақытта айналма жолдың құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. І кезеңі №1 автожолынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Айналма жолдың ұзындығы — 3,9 шақырым, 4 жолақты және ені — 60 метр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 28% орындалды. Шаһар басшысы жұмыстардың межеленген мерзімде және жоғары сапада орындалуын тапсырды.
Жалпы соңғы уақытта қала әкімі Шымкентте қолға алынған жұмыстардың жай-жапсарын өзі тексеріп, қадағалап келеді. Кемшіліктер мен олқылықтар бойынша да тиісті тапсырмалар берілуде. Мұның өзі жұмыстың сапалы жүруіне мұрындық болып отыр.