ОЙЫНШЫҚТАРДЫҢ 47 ПАЙЫЗЫ ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫНА САЙ ЕМЕС

Қоғамда ойыншықтардың сапасына қатысты сын көп. Жасыратыны жоқ, ойыншықтардың дені шеттен келеді. Отандық өніммен ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алмайтынымыз белгілі. Десе де импорттық тауарларға бақылауды күшейтпесе, аталған мәселе күн тәртібінен түспек емес. Мәселен, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балалар ойыншықтарының 1499 үлгісін зерттеген. Нәтижесінде 706 үлгі «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» талаптарға сәйкес келмейтіні анықталып отыр.

Аталған комитет балалар ойыншықтарының қауіпсіздігі мәселесін айрықша бақылауда ұстайды. Ай сайын мониторинг жүргізіледі. Жоғарыда аталған талапқа сәйкес келмейтін ойыншықтардың жалпы үлесі 47,1 пайызды құрап отыр. Бұл атүсті қарайтын мәселе емес. Аталған тауарлардың қатарында отандық өнім де, шеттен келетін ойыншықтар да бар. Пайыздық үлесіне келсек, талапқа жауап бере алмаған ойыншықтардың 9-ы немесе 1,3% отандық өнім болса, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден келгені — 59 немесе 8,4%-ды, басқа елдерде шығарылғаны 638 немесе 90,3%-ды құрап отыр. Бұзушылықтардың негізгі бөлігі таңбалау талаптарына жауап бере алмайды. 3,3 пайызы органолептикалық көрсеткіштер бойынша талапқа сай емес. Санитариялық-химиялық бойынша 23 үлгіде қауіпсіздік көрсеткіштерінің асып кетуі анықталған. Аталған бұзушылықтар бойынша барлық фактілер кәсіпкерлік субъектілеріне хабарланып, оны жою тәртібі түсіндірілген. 21,5 кг ойыншық сауда сөрелерінен алынған.
Демек балаларға ойыншық сатып аларда оның сапасына айрықша мән берген дұрыс. Құрамында химиялық қоспасы көп ойыншықтар баланы бір сәтке қуантқанымен, арты орны толмас өкінішке алып келуі бек мүмкін. Яғни базардағы қызылды-жасылды ойыншықтарға сеніп, тексермей-ақ балаға әперуге әсте болмайды. Қалың оқырман осыны ұмытпаса екен…

«Уақыт».