КЕПТЕЛІС МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Шымкент қаласында жол құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайын жиі жазып келе жатырмыз. Сөз жоқ, қыруар іс қолға алынып, сапа көрсеткіші арта түсуде. Дегенмен саладағы игі бастамалар жайы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Керісінше, қарқын арта береді. Нақтырағы, 2021-2025 жылдарға бекітілген іс-шара жоспары аясында әр жыл сайын 200 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді.

 

Қала орталығындағы магистралды көшелер мен шалғай мекендерді қоса алғанда биыл 187 нысан, 350 шақырымнан астам жол қалпына келтіріледі. Биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды 5 нысан пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Қонаев даңғылының жалғасын салу, 3-кезең бойынша құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталып, биыл шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда 90 пайыз жұмыстар атқарылды. А-2 автомобиль жолының 2-кезеңі бойынша сақина типті жолайрығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмыстың 50 пайызы орындалды. Ал Самал-1, 2, 3 шағынауданының магистралды және қалаішілік көшелеріне 12,2 шақырым жол салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы іске асқан.
Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрықты салу жұмыстары жүргізіліп, жұмыстың 90 пайызы бітіп отыр. Аталған көшелер қиылысындағы жолаушылар өткелін салу жұмыстары да 90 пайызға аяқталған. Осы және өзге де жұмыстар бойынша 38 мердігер жұмылдырылып отыр. Ал 61 көшенің жол құрылысы жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
Қорыта келгенде, қаладағы кептелісті тудыратын көлік ағынын азайту мақсатында ауқымды бастамалар қолға алынып келе жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар жайын шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің өзі қадағалап, тиісті тапсырмалар беріп келе жатқанынан да көптің хабары бар. Күту ғана қалды. Түйткілдердің түйіні ағытылар уақыт та алыс емес…