АПТАП ЫСТЫҚПЕН КҮРЕС ҚАЛАЙ ЖҮРУДЕ?
Шілденің шіліңгір ыстығы келе жатыр. Ал Түркістандағы ауа райы күрт ысып, бірқатар қолайсыздықтарды әлден тудырып жатыр. Жасыратыны жоқ, климатты өзгертуге қауқарлы жасыл белдеу аумағы жыл сайын артып келе жатыр. Қала берді, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары да қарқын алған. Атқарылып және қолға алынып жатқан шаруа жайын қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің өзі қадағалап, тексеріп тұрады.
Бұл жолы шаһар басшысы қаладағы жұмыстарды бақылауды Баялиев пен Рысбеков көшелеріндегі гидрантты жүйелердің жағдайын тексеруден бастады. Жауапты мамандар Майкотов көшесіндегі көгалдандыру жұмыстанының 3, 4, 5-кезеңдері бойынша жұмыс барысын баяндап өтті. Өз кезегінде, қала әкімі жаз айларында шаһар аумағындағы тазалық, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына қадағалауды күшейту мақсатында мобильді топтарға тірлікті тиянақтауды тапсырды.
«Міндетті мінсіз орындау үшін жауапкершілік қажет. Бір адамның жауапсыздығы мың адамға зардабын тигізеді. Нәтиже үшін талап пен міндет үдесінен шығу керек» деген қала әкімі бірқатар ескертулер де жасады. Сонымен қатар істің сиырқұйымшақтанып кетпеуі үшін кемшіліктерді жою бойынша нақты мерзім белгілеп, тапсырманың орындалуын орынбасарларына тапсырды.
Жалпы Түркістан қаласындағы ауа райының қатты ысып кеткені баршаға мәлім. Осындайда ауаны салқындату мен күннің қызуынан келетін қауіптің алдын алу мақсатында қандай шаралардың атқарылып жатқаны көпке қызық. Бұл бағытта да іс жүйелі жалғасуда. Қазіргі уақытта қалада жағдайды тұрақтандыру үшін аэрация әдісі қолданылып жатыр. Аталған әдіс асфальт жабындысын балқудан сақтайды. Ауаны ылғалдандырады. Сонымен қатар жол бойына егілген ағаштардың жуылуына да сеп болмақ. Бүгінгі таңда қаладағы жасыл желекті суару жұмыстарына бақылау күшейген. Түркістан қаласы әкімдігінің «Жасыл-Түркістан» КММ және «Жарық-Тазалық» ЖШС бірлесе түнгі сағат 12-ден бастап таңғы сағат 8-ге дейін арнайы техникалар қойып, үш ауысымдық түнгі кезекшілік жұмысын жалғастырып жатыр.