МӘСЕЛЕ КӨП, АТҚАРЫЛҒАН ІС ТЕ АЗ ЕМЕС
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бұдан біраз уақыт бұрын әр ауданның тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдаған еді. Аудан белсенділерімен де жиын өткізіп, шешілмей жатқан өзекті жайттарды да ортаға салған. Нәтижесінде қоғамдық бақылау кеңесінің мүшелері мен аудан тұрғындары айтқан түйткілдер бойынша 48 мәселеге қатысты хаттамалық тапсырмалар да берген болатын. Енді шаһар басшысы Еңбекші ауданының тұрғындарымен тілдесіп, атқарылған жұмыстар жайын тарқата түсіндіріп берді.
Бүгінде олар бойынша жұмыстар істеліп келе жатыр. Тарқата жазсақ, 48 тапсырманың 15-і толықтай орындалды. 10 мәселе тұрақты бақылауға алынған және 2023 жылға өтпелі. Ал 23 мәселе бойынша берілген тапсырмалар жыл соңына дейін толығымен орындалады. Атқарылған жұмыстар жайына келсек, Базарқақпа тұрғын алабында 2 шақырымдық жол орташа жөнделді. Қаратөбе аумағының 12 мың тұрғыны Шаңырақ шағынауданында жаңадан бой көтерген «Дария Медикус» емханасына тіркелді. Базарқақпа, Абдуллабад және Тұрдыабад елді мекендеріндегі 3000 үйге 16 млн метр куб лимит бекітіліп, осы лимит шегінде ағын сумен қамту жұмысы ұйымдастырылған. «Сүзік ата» мазаратына баратын жолға да тас төселді. Тоғыста 2 трансформатор қоршалып, 7 электр бағанасы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан ауыстырылды.
Маятас тұрғын алабының Мұнайбарлаушылар көшесіндегі ойын алаңшасына 6 электр бағанасы орнатылды. Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алаптарына жалпы 20 жол белгісі мен аялдама павильондары қойылды. Елтай мен Тоғыс елді мекеніне 4G технологиясымен базалық станция орнатылса, Қазығұрт аумағындағы Елтай, Айнатас, Тоғыс, Жыланбұзған, Маятас тұрғын алабына аумақтың төлқұжаты көрсетілген стендтер ілінді. Шаһар басшысы Еңбекші ауданының белсенді тұрғындарымен кездесуде қала аумағына енген елдімекендердің инфрақұрылымдық жағдайын жақсартудың күн тәртібінен түспейтінін тілге тиек етті. Яғни алдағы уақытта да кезектегі 23 мәселенің орындалуын тұрақты бақыланып, жемісті нәтиже беруі назарда ұсталмақ.