«ЖАСТАР БАҒДАРЛАМАСЫМЕН» 857 ПӘТЕР ТАБЫСТАЛАДЫ

Елімізде жастарға барынша жағдай жасалып келеді. Бүгінде жұмыс істеуге ниетті азаматтар үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Баспанасы мәселесі мазалайтындарға арналған бастамалар да көтеріліп, оң нәтижесін беруде. Мәселен, биыл Шымкент қаласында 1 605 баспананы сатып алу құқығынсыз, жалға беру жоспарланған. Оның ішінде 857 пәтер жұмыс істейтін жастарға табысталады.

Бүгінде аталған тұрғын үйлерде абаттандыру және инфрақұрылымдық жүйелерге қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстар аяқталған соң тұрғын үй басқармасында конкурс өтеді. Бұл туралы алдын ала барлық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде хабарланады.
Айта кету керек, былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы бойынша Шымкент қаласында 300 жас жалдамалы баспанамен қамтылды. 2020 жылы 904 азаматқа пәтер кілті табысталған еді. Аталған бағдарлама негізінде жастарға сатып алу құқығынсыз табысталатын пәтерлер 5 жылдық мерзімге беріледі.