«БІЗДІҢ ҚАЙРАТ…»
Жақсыға еге көп. Оңтүстік журналистері Талғат Балтабаевты «біздің әріптес» десе, шымкенттік сайлаушылар оны халық қалаулысы ретінде «біздің депутат» деседі. Әсіресе, қалың проблемасы қаптаған Қаратау ауданының халқы, оның ішінде «газ жақпадық қой» деп, әліге дейін әбігерге түсіп, жаны жаныққан Қайнарбұлақтың қара халқы Талғатты қаумалайды да жүреді. «Жылпос-депутат» болса, жұрт жуымас та ма еді кім білсін?..
Бәлкім, бір сөзділігі ұнайтын шығар… Мүмкін, момын мұсылмандар «біздің мәселеге мән берер белсенді депутат қой» деп сенім артқандықтан да шығар. Сенімге селкеу түсірмеу – үлкен бақыт. Сенімді жоғалтпай жүрген журналист-депутат үшін де әріптестік көңіл марқаяды. Жақсыларға жанаса жүретін Талғат бауырым 1-мамыр мерекесінде бір жігітпен таныстырды. «Біздің Қайрат» деді. Шымкент қалалық мәслихатының су жаңа депутаты Қайрат Имашев екен. Құтты болсын айттық. Бұ қазақтың, әсересе, футболсүйер жанкүйердің «Қайрат» десе, бүйрегі бұрып, жылы тартатыны бар емес пе? Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов соңғы уақыттары депутаттық корпусына «шал-шауқан» қарияларды емес, жалындаған жас «бахадүр» жігіттерден бас құрап, «Қайрат» командасын жасақтап жатқандай әсер қалдырды.
Шымкент қалалық Журналистер одағының төрағасы Уали Кыдыров екеуміз «Қайратты бол, Қайрат Имашев» деп, құтты болсын айттық жаңа таныс-жас депутатқа. Елге еңбек сіңіріп, «біздің Қайрат» дейтін жаңа атпен жарқырап жүргей! Өзіңе сүйінер сайлаушыларың көп болғай, Қайрат Имашев!
Ерсұлтан ӘМІРБЕК,
Журналист.