ҚАЙНАРБҰЛАҚ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҮЙТКІЛДЕРІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?
Соңғы жылдары Шымкент қаласына қарасты шалғай елдімекендердің мәселесі жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Бұрындары ауыз су, көгілдір отын, жол мен сапалы электр жарығынан таршылық көріп отырған көптің түйткілдерінің біразы шешімін тапты. Десе де толықтай шешілді деуге әлі ерте. Бастысы жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. Мәселен, Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ тұрғын алабында 1540 үй бар. Оның 279-ы ғана ауыз су және сапалы электр жарығымен қамтылған. Қалған бөлігі ауыз суды тасып ішіп, жарықты жекеменшік трансформатордан алады.
Яғни өңірдегі өзекті мәселе — инжинерлік инфрақұрылым. Бұл туралы Қаратау ауданының әкімі Р.Мулкеманов қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тұрғындармен болған есепті кездесуінде айтты. Десе де мәселе шешілмейді деген сөз емес. Ауыз су тарту үшін жобалау жұмысы аяқталып, қазіргі таңда сатып алу конкурсы өтуде. Құрылысы 2022-2023 жылдары жүргізіледі. Сапалы электр жарығын жеткізу бойынша жұмыстар 2021 жылы басталған еді. Жоба 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал табиғи газбен қамту үшін «МПК проект» жобалаушы мекеме тарапынан ішкі жүйелердің жобасы жасалуда.
Қайнарбұлақта жалпы саны 47 көше бар. Оның 3-і асфальтталған, 39 көшеге шағал тас төселген. 2023 жылы ұзындығы 10,6 шақырымды құрайтын 16 көше, 2024 жылы 13 көше, 2025 жылы 15 көше жөнделіп, асфальт төселеді. Аталған түйткілдердің түйіні ағытылса, инфрақұрылым мәселесі айтарлықтай шешілмек.