36 МЫҢНАН АСТАМ ЖАСТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР

Маңызды да кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселенің бірі – жұмыссыздық. Бүгінде көптің жергілікті әкімдіктерді жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша бағалап жататыны да жасырын емес. Соңғы әлемдік оқиғалардың өзі жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын еселей арттырды. Осы орайда халқы тығыз орналасқан Түркістан өңірінде қандай бастамалар көтеріліп жатыр? Жұмыспен қамту көрсеткіші көңіл көншіте ме? Таратайық…

 

Ағымдағы жылы Түркістан облысында жастарды жұмыспен қамту жоспарына сәйкес, 36 118 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Олардың басым көпшілігі жастар практикасы мен қоғамдық жұмыс жобаларының аясында жүзеге аспақ. Ал жыл басынан бері өңірдегі 6 161 жас тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бұл туралы Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы Отбасы және жастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Нұркен Аралбеков БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Түркістан облысында жастар саны 473 110 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш республика бойынша алғашқы орында. Облыс жастарының 82% — ауыл жастары, 18% — қала жастары. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін облыс аумағында 1 067 үйірме қызмет көрсетуде» — деді Нұркен Бауыржанұлы.
Бұдан бөлек, жиынға қатысқан Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысы Динара Бегалықызы биыл 5 мыңнан астам жасты «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде жұмыспен қамтуды көздеп отырғандықтарын айтты. Сондай-ақ жастарға арналған қайтарымсыз гранттардың мөлшері осы жылы 200 АЕК-ден 400 АЕК-ге көтерілген.