ӨСІМДІК МАЙЫНЫҢ БАҒАСЫ ДА ӨСІП БАРАДЫ
Әншейінде сауда сөрелерінде самсап тұратын кей тауарлардың бағасы күрт қымбаттап кетті. Енді олардың қатарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саналатын өсімдік майы да қосылып отыр. Базардағы бағаның құбылуына қоғам да үйреніп қалған сияқты. Ал шенділердің хабары бар ма?
Үкімет отырысында осы мәселе көтерілді. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов өсімдік майының неліктен қымбаттағанын былай түсіндірді «Қазақстанда шикізат пен материалдардың бағасы Ресейге қарсы санкцияларға байланысты логистикалық іркілістердің әсерінен тез өсті. Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс аясында экспорттық жеткізілімдердің азаюының әсерінен өсімдік майының бағасы бір айда 23,2 пайызға және дәнді дақылдар 17,1 пайызға өсті».
Оның сөзінше, инфляция әлемді шарпып барады. Яғни ақшаның құнсыздануы бізге ғана емес, дамыған алпауыттарға да тән құбылыс болып шықты. Мәселен, алдын-ала мәліметтер бойынша Еуроаймақтағы инфляция 7,9 пайызға өскен. АҚШ-тың соңғы 40 жылдық тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, ақпан айында 7,9 пайызды құраған. Наурыздағы мәлімет бойынша Ресейдегі инфляция 16,7 пайызды құраған. «Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық фон 2022 жылы жеткізу тізбегі проблемаларының сақталуымен, азық-түлік пен шикізат бағасының өсуімен, сондай-ақ құнсызданумен қатар геосаяси тәуекелдердің жүзеге асуына байланысты қолайсыз болады» деп қосты Ұлттық банк төрағасы. Демек күрт өскен өсімдік майының бағасы бастапқы қалпына келмейді деген сөз. Бұл тек аталған тауар түріне ғана қатысты тұжырым емес, импортқа тәуелді өзге де заттар бағасының шарықтауын білдірсе керек…
«Уақыт».