«ШЫМКЕНТ ШАЙЫ» РЕКОРДТАР КІТАБЫНА ЕНУІ МҮМКІН
Наурыз мерекесі биыл да ауқымды мерекелік шаралармен өтті. Сөз жоқ, ұлыстың ұлы күні Шымкент қаласында айрықша тойланды. Тың, жаңа бастамалар жүзеге асып, тарихы тереңнен бастау алатын мерекенің қадір-қасиеті көпке насихатталды. Мерекелік шаралар қатарында ресторандар жәрмеңкесі де болды. Қызығы мен жаңашылдығы көп шара жайында тарқата жазайық…
Наурыз мерекесі қарсаңында өткен «ДәмДәсTour» тұңғыш ресторандар жәрмеңкесіне келуші қонақтар мен қала тұрғындарына 2200 шыны «Шымкент шайы» ұсынылды. Қаланың 2200 жылға жуық тарихы шеңберінде іске асқан шара – Қазақстан Рекордтар кітабына енгізу бойынша гастрорекордқа ұсынылды. Шай «Ahmad tea» өндірушілерінің қолдауымен дайындалған.
Бұған дейін ресторан өкілдерінің қатысуымен өткен кездесулердің бірінде сусындар мәзірінде «Шымкент шайын» қолдану бойынша ұсыныстар айтылған еді. Ұсынысты Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров қоғамдық тамақтану орындарына жеткізген. Олар бірауыздан қолдаған болатын. Қазірде «Понтос», «Мизам», «Jam Bakery», «Quvshin» сынды бірнеше кафе-ресторанда «Шымкент шайы» аз мәзіріне енген.
Айта кету керек, үшінші мегаполисте алғаш рет ұйымдастырылып отырған шара жергілікті қоғамдық тамақтану орындарының бәсекелестігін арттырып, сервистік қызметтің жандана түсуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ мерекелік шараларда немесе қалаға саяхаттаушы азаматтардың көптеп келуінде дәмді тағамдарымен өз деңгейлерінде қамтуға дайын болуына да таптырмас мүмкіндік.