МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз мейрамы қарсаңында елге еңбегі сіңген азаматтарды марапаттау игі дәстүрге айналатынын айтқан болатын. Осы орайда, Шымкентте ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, азаматтарды қорғау мен құтқаруда көрсеткен жеке жанқиярлығы үшін бірқатар азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Марапаттарды Мұрат Әйтенов табыстап, қоғамдық қызметтегі белсенділіктері үшін алғысын білдірді.

Бұл жолы «Ауғаныстан және жергілікті соғыс ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Майханов пен «MARSIO JEWELLERY» ЖШС басшысы Алмас Таңғатаров «Құрмет» орденімен, «@meyirim.kz» электрондық порталының директоры Жазира Асан мен «Харекет» қайырымдылық қоры директорының орынбасары Серік Дарбышев және «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының басшысы Асхат Мәуленов мемлекеттік «Шапағат» медалімен марапаттталды.
«Қаламызда экономика, инвестиция, мәдени-әлеуметтік секілді басты салаларда оң нәтижелер көп. Бұл бағытымыздың айқын, ісіміздің нәтижелі екенінің дәлелі. Осынау игілікті істерде өздеріңіздей белсенді азаматтардың қосқан үлесін мақтанышпен айтамыз. Әсіресе, қаңтар оқиғасы кезінде сіздер ел тыныштығын сақтау жолында аянбадыңыздар. Марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын» деді қала әкімі марапаттау барысында.