ШЕТЕЛДІК ЖУРНАЛИСТЕР КИЕЛІ ШАҺАРҒА КЕЛДІ

Түркістан облысына Италия, Испания, Бельгия, Австрия, Португалия, Болгария, Польша, Чехия және Словакия журналистері келді. Пресс-турдың мақсаты – қаланың сәулеттік ажарын ашатын нысандарды көрсету арқылы туристік тартымдылығын насихаттау болып табылады.

Танымал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қабылдады. Ол тілшілерге өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы сұхбат беріп, жаңарған Түркістанмен таныстырды. Түркістан облысын дамыту, Түркістанды туристік және рухани орталыққа айналдыру бағытындағы жұмыстарды баяндады.
Еуропалық меймандар бет алған ең алғашқы нысан – Түркістандағы халықаралық әуежай. Одан соң олар «Түркістан Арена» стадионы мен «Оқушылар сарайының» да әлеуетімен танысты. Одан өзге «Halyk Bank» банкінің облыстық филиалының жаңа ғимараты, «Rixos Turkistan» қонақ үйі мен «Керуен сарай» кешенінде болып, 8D форматындағы «Алтын самұрық» театрын тамашалады. Түркістан музыкалық драма театры мен «Farab» кітапханасының жұмысымен танысып, руханият саласына жасалған қолдауды жоғары бағалады. Сондай-ақ мәртебелі меймандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, тарихи мәліметтер туралы мол мағлұмат алды.