СЫНҒА ІЛІККЕН «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» ЕНДІГІ ҚАДАМЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында құрылғанынан хабарымыз бар. Әйтсе де ел экономикасындағы ауқымды құрылымның қызметі, экономиканың нақты салаларына тигізіп жатқан пайдасы мен маңызы көп жағдайда ашық та айқын айтыла бермейтін. Ел ішіндегі қымбатшылық пен наразылықтар аталған холдингтің қызметіне деген көптің күдігін тудырғаны да жасырын емес. Сын да айтылды. Содан болар, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған қорға реформа жасау керегін айтқан болатын. Содан бері не өзгерді? Құлаққа жағымды бастамалар құр сөз, құрғақ уәде күйінде қалып кетпей ме? Депутаттың күдігіне себеп болған статистика не дейді? Тарқатайық…
ҚОРДЫҢ ҚАЗІРГІ ҚЫЗМЕТІ ТОҚАЕВТЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚПАЙДЫ
Ағымдағы жылдың 11 қаңтарында өткен Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынына іліккен мекеменің бірі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Аталған мекеме 2008 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған болатын. Қордың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. Міне, сол уақыттан бері болашақ ұрпақ үшін ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету міндетін арқалаған инвестициялық холдинг көздеген бастапқы мақсатына жете алмаған тәрізді.
Сондықтан мемлекет басшысы Мәжілістің пленарлық отырысында қорды реформалау керегін, олай болмаса мұндай құрылымның экономикаға қажеті жоғын айтты. Айта кету керек, қордың активтері еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды.
«Осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың KEGOC, ҚТЖ сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды. Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін атқарып отыр ма?! Яғни, «ұлттық байлықты еселей алды ма» деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады?! Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?!.
«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалауүшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер қорда реформалау мүлде мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн» — деді мемлекет басшысы.
Президенттің осы мәлімдемесінен соң Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Самұрық-Қазына» АҚ реформалау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Аталған құрылымды реформалаудың жолдары туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары баяндады. Үкімет басшысы қызметтің тиімділігі мен ашықтығын арттыру, сондай-ақ жұртшылық тарапынан бақылауды күшейту мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-ны реформалаудың ұсынылған шараларын одан әрі пысықтауды тапсырды. Осымен экономикамыздағы қуатты да ауқымды құрылымның мәселесі шешілгендей әсер қалдырған болатын. Бірақ…
«БІР АЙ УАҚЫТ
БЕРЕМІН…»
Мемлекет басшысы 21 қаңтарда бизнес қауымдастықтардың жетекшілерімен өткен кездесуде қордың сатып алу процесін шұғыл қолға алуды тапсырды. Елімізде бәсеке жолынан тыс сатып алу үлесі әлі де барын, импорт өнімдерін отандық өнім ретінде тасымалдайтын компаниялардың қатаң сүзгіден өтпей жатқанын сынға алған Президент:
«Самұрық-Қазына» қорының сатып алу процесімен шұғыл түрде айналысу керек. Соңғы рет бір ай уақыт беремін. Ешқандай нәтиже болмаса, қатаң шешімдер қабылданады. Қазір қор – өте үлкен құрылым. Жабықтық, «саяси маңызы бар адамдарды» тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселелер. Күні бүгінге дейін мұнай-химия саласын қалыптастыра алмадық. Кеңес дәуірінде салынған зауыттарды қайта жөндеумен келеміз. Директорлар Кеңесі рөлі мен тәуелсіз директорлардың қатысуы көп жағдайда ештеңе шешпейді. Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін. Бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен сөйлестім. Егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, Қор да бірге кетеді» — деді Президент.
Елімізде іргесі қаланбай жатып жабылған өндіріс орындары туралы бұқаралық ақпарат құралдарының жарыса жазып жатқанын ескерсек, қордың қазіргі қызметімен алысқа баруы, елді гүлдендіріп, салалардың тамырына қан жүгіртуі неғайбыл еді. Сондықтан болар Президент те ала шапанды ағайынды мысалға келтіріп, зауыт салып, ісін дөңгелетіп жатқанын тілге тиек етті.
«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА»
СЫНДЫ ҚАЛАЙ
ҚАБЫЛДАДЫ?
Мемлекет басшысының сөзінен кейін-ақ қорға тықыр таянғаны белгілі еді. Сондықтан «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Алмасадам Сатқалиев әлеуметтік желіде пост жариялап, көптің көкейінде кілкіп тұрған, талайдан айтылып келе жатқан әңгіменің шетін шығарды.
«Ашықтық пен есептілік, бизнес үшін кедергілерді жою, әлеуметтік жауапкершілік пен жемқорлыққа қарсы күрес басты қағидаттар ретінде белгіленді. Қазақстан азаматтарына ұлттық байлықты әділ бөлу элементі ретінде Қор активтеріне иелік етуге тікелей қатысу мүмкіндігін беру, менің ойымша, бетбұрысты кезең болады», — деп жазды ол. Осы мәлімдемесі арқылы қорды реформалау бағдарламасының жобасы дайындалып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, қор бизнес процестер мен компаниялар тобында корпоративтік басқару тәжірибесін реформалауға, мұнай, газ, көмір, теміржол көлігі, электр энергетикасы және телекоммуникациялар нарығында өзара қарым-қатынас құрылымын өзгертуге бағытталған бірқатар теңдессіз шара ұсынып отыр.
Сатқалиевтың сөзінше, сатып алу жүйесі де түбегейлі өзгеріп, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейту де назардан тыс қалмаған. Десе де мұндай әдемі уәде мен мінсіз бастамалардың жүзеге асып, нәтиже беруіне үмітпен қатар күдіктің де көкейде тұрғаны белгілі еді. Талай жылдан бері нақты іс көрсете алмай, шаш-етектен шығынға батып келе жатқан қордың қарызы кейінірек Мәжіліс мінберінде айтылды.
ҚОРДЫҢ ҚАРЫЗЫ – 7,5 ТРЛН ТЕҢГЕ
«Самұрық-Қазынадағы» өзгерістерден үмітті көптің сенімі алысқа бармады. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қордың бастамаларын асығыстыққа балады. Депутат салдары сан соқтырарлық болғандықтан, қорды жаңғырту бойынша жоспарлы, қадамдық жұмысқа қайта оралу қажет деп санайды.
«Самұрық-Қазына құрылғанда «ұлттық компанияларды кәсіби корпоративтік басқару арқылы оның тиімділігін арттыру» мақсаты қойылғаны есімізде. Сол кезде қордың табыстылығы мен мемлекеттік бюджетке түсетін аударымдардың өсімін қамтамасыз ету жайлы сөз болатын. Осы мақсатқа қол жеткіздік пе? Бүгінде біз «Самұрықтан» мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтер сомасы бюджеттен олардың инвестициялық жобаларына бағытталатын қаражаттан үнемі аз болғанын көріп отырмыз. Мәселен, 2019 жылы «Самұрық» бюджетке 120 миллиард теңге дивиденд төледі. Ал қордың таза табысы 1,4 триллион теңгені құрады», — деді Жамалов Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында. Сонымен қатар ол:
«Қазір қордағы үлесті әр қазақстандыққа бөліп беру жайлы ұсыныс айтылып жатыр. Бір қарағанда, өте керемет идея сияқты. Алайда «Самұрық-Қазынаның» қазіргі қаржылық жағдайын ескерсек, мұндай үлестен бір адамға айына небәрі 500 теңге ғана кіріс түседі» деді. Мәжілісмен сондықтан қорды жаңғыртпас бұрын оның неліктен тиімсіз екенін анықтау керегін алға тартты. Сонымен қатар азаматтарға қордан үлес бермес бұрын компанияларға бағалау жүргізіп, оны ашық жариялау керек деп есептейді. Себебі қазақстандықтар өздеріне ұсынылып жатқанның кіріс әлде қарыз екенін білуі тиіс. Себебі қордың қарызы 7,5 трлн теңгеден асып жығылады. Бұл шамамен 18 млрд АҚШ долларына тең.
Осылайша көптің қордан түсетін пайдаға қарық болу ниеті де көзден бұлбұл ұшты. Көптің көкейінде сан түрлі сауал қалып отыр. Ұлттың әл-ауқатын көтеріп, салаларға серпін беру мақсатын көздеген қор осы уақытқа дейін не тындырды? Тигізіп жатқан пайдасы аз мұндай құрылымның қажеті қанша? Топ-менеджерлері миллиондап жалақы алатын мекеменің кімге пайдасы бар? Елдің табысын арттырып, әлеуметтік ахуалдың түзелуіне ықпал ету бойынша нақты жоспары жоқ болса, болса да жүзеге асыра алмаса, компанияларды қордың қанатының астына топтастырғаннан пайда жоқ. Бастысы, мемлекет басшысының талабы нақты. Соған қарағанда, қор жұмысы қарқын алуы тиіс. Үміт ақталмаса, тарап тынуы да мүмкін. Ол енді уақыттың еншісінде…