СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын-алуға бағытталған. Заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық.
Жемқорлық, әсіресе мемлекеттік органдарда қауіпті. Бұл кесел мемлекеттік басқару жүйесін бұзады және экономиканың дамуына шектеу қояды. Басқа дамушы елдер сияқты біздің мемлекетімізді де бұл кесел айналып өткен жоқ.
Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін ең қауіпті түрі — парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алу жағдайларын түп-тамырымен жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Ол үшін пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай қоғамдық сана қалыптастыруымыз тиіс. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болады, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді. Заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделеріне қысым жасайды.
Елімізде парақорлықтың алдын-алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес — ең өзекті сұрақтың бірі. Сыбайлас жемқорлықпен күресу — еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында кеселмен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс делінген.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу – жеке және мемлекеттік мүдделерді реттей отырып, қоғам болып жүзеге асыратын өте жауапты да маңызды шара. «Ғасыр дертіне» айналып бара жатқан проблеманы дер кезінде ауыздықтау – қоғамымыздың өсуінің, дамуының бірден-бір кепілі. Сол себептен жемқорлыққа қарсы күрес – бүгінгі күн талабы және Қазақстанның әрбір азаматының міндеті екенін айтқым келеді.
Н.Торехан,
Шымкент қаласының
мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік
сотының приставы