БАСШЫСЫ ҰЛТҚА ҚАУІП ТӨНДІРГЕН КОМИТЕТКЕ БЮДЖЕТТЕН ҚАНША МИЛЛИАРД БӨЛІНГЕН?

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті алты жыл бойы бюджеттен берілген миллиардтардың көлемін жариялады. Комитетке Кәрім Мәсімов басқарған алты жыл ішінде ел қазынасынан 1,7 трлн теңге бағытталған екен. Дәлірегі, 2016 жылы — 162,3 млрд, 2017 жылы — 203,3 млрд теңге, 2018 жылы — 291,6 млрд теңге, 2019 жылы — 303,6 млрд теңге, 2020 жылы — 423,6 млрд, 2021 жылы — 352,6 млрд теңге бөлінген.

 

Комитетке бөлінген қаржы жыл сайын ұлғайып отырған.
Естеріңізге сала кетсек, 6-қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімов «мемлекетке сатқындық жасады» деген күдікпен қамауға алынған болатын. Бірнеше күннен кейін оған тағы да билікті күшпен басып алмақ болды және лауазымдық қызметін асыра пайдаланды деген айыптар тағылды. Бұл деректерге байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталған болатын.
Қызметін асыра пайдаланып, билікті құлатып, елде бүлік шығаруға тікелей қатысы бар деген айыппен қамауға алынып, басынан іс қозғалған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың қазынадағы қаржының жаратылуына келгенде ұқып танытуы да неғайбыл. Енді бюджет бүйірінен бөлінген миллиардтардың мақсатты жұмсалуына қатысты тексеруде талай былық су бетіне шығуы әбден мүмкін.

«Уақыт».