ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚУАТТЫ ӘСКЕРІ БАР…бірақ оны Президент неге пайдаланбады?
Ағымдағы жылдың 5-қаңтарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Аталған жиында Президент Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше алты мемлекеттен, атап айтқанда, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен қосымша әскери көмек сұрау керектігін мәлімдеді. Ол бітімгершілік күштерді елге келтірудің басты мақсаты – бүлікшілер жасаған лаңнан кейін конституциялық тәртіпті ретке келтіру деп түсіндірді. Кейіннен (6-қаңтарда) Президент әкімшілігі басшысының сол кездегі бірінші орынбасары Дәурен Абаев ҰҚШҰ-на мүше елдерден келген әскерлер елдегі контртеррористік шараларға қатыспайтынын, лаңкестерді құрықтау операцияларына жұмылдырылмайтынын, олар тек еліміздегі стратегиялық нысандардың қорғалуын және қызметін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімге келгенін мәлімдеді.
1992 жылы құрылған ҰҚШҰ-нан әскери көмекті ең алғаш болып Қазақстан ғана сұрап отырғанын біліп жүрейік.
Апта басында ҰҚШҰ онлайн саммиті болды. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен өтті. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин, Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, ұйымның бас хатшысы Станислав Зась қатысты. Ұйымға мүше тағы бір ел Қырғызстан мемлекетінің басшысы Садыр Жапаров бұл жиынға қатыспады. Сол күннен бастап ол еңбек демалысына кеткендіктен, жиынға Министрлер кабинетінің төрағасы – президент әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров болды.
Саммитте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде болған дүрбелең туралы мәлімдеме жасады. Ол қаңтарда болған қырғынды Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихында болған ең ауыр оқиға деп атап өтті. Сөзінің әлқиссасында Қасым-Жомарт Кемелұлы ұйымға мүше елдердің басшылары Қазақстанға бітімгершілік әскерді уақыт оздырмай жіберуін қамтамасыз еткеніне алғысын білдірді. Айта кетейік, ҰҚШҰ әскерлерінің алғашқы легі Қазақстанға 6 қаңтардан бастап келді. Қазақстанға бітімгершілік күштерінің 2030 адамы мен 250 техникасы орналасқан. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Алматы облысына жіберілген.
Мемлекет басшысы елімізде бейбіт шерудің соңы дәл бұлай бүлікке айналып кетуі алдын ала ойластырылғанын, оны жасаушылар бұған ұзақ уақыт дайындалғанын айтты. Бірақ деструктивті күштердің халықтың нарызылығын қалқан етіп, елдегі тұрақтылықты бұзу үшін жасаған бұл талпыныстарының жолы кесілгенін айтты. Сонымен қатар Президент содырлар салған сойқанның салдары туралы «Діни радикалдар, қылмыстық топтар, жауыз содырлар, мародерлер мен ұсақ бұзақылар біртұтас команда ретінде әрекет етті. Олардың басты мақсаты – елдегі конституциялық құрылысқа нұқсан келтіріп, басқару институтын бүлдіріп, билікті басып алу болған. Бұл дүрбелеңде жүзеге асқан әскери іс-қимылдардың бір орталықтан үйлестірілгені, мұқият жоспарланған операцияның шешуші кезеңге шыққаны анықталып отыр. Оған бүлікшілердің өңірлердегі атқарушы, құқық қорғау органы ғимараттары, тергеу изоляторлары, стратегиялық нысандар, банктерге, телемұнара мен телеарналарға бір уақытта шабуыл жасауы соның айқын дәлелі. Алматы мен басқа да қалаларда шын мәнінде нағыз соғыс жүрді. Лаңкестер полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілерді аяусыз ұрып-соғып, екі әскери қызметшінің басын кесіп алды»,-деді.
Бір уақытта елдегі 11 аймақты қамтыған агрессияның ең ауыр соққысы Алматы қаласына қарай бағытталуын Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп түсіндірді.
«Бұл қаланың құлауы адам көп шоғырланған оңтүстік аймақты, содан кейін бүкіл елді басып алуға жол ашар еді. Лаңкестер құқық қорғау органдарының назарын өздеріне аударуға тырысты. Содан кейін Қазақстанның елордасына соққы жасауды көздеді».
Осылай деген мемлекет басшысы күштік құрылымдардың шабуылшыларға тойтарыс бергенін, қазіргі таңда жағдайды толық өз бақылауына алғанын атап өтті.
Елде бірнеше тәулікте болған толқу салдарынан күштік құрылымдардың 16 қызметкері қаза тауып, 1300-ден астамы жараланғанын, ал қаншама бейбіт тұрғындардың көз жұмғаны анықталу үстінде екенін атап өткен Қасым- Жомарт Кемелұлы Қазақстанға қарсы жасалған агрессияға террористердің, оның ішінде шетелдік содырлардың тікелей қатысқанына сенімді екенін білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымынан көмек беруді сұрауы дер кезінде қабылданған шешім екенін баса айтты. Оған негіз ретінде Елордаға үш бірдей әскери ұшақтың келгенін білген содырлар Президенттің резиденциясына басып кіру жоспарынан айнығанын келтірді.
Осы жиында сөз алған Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қазақстанға жасалған шабуылды тек сырттан келген күш дегенге тоқталу тағы болмайтынын, табиғи газға батып отырған елде газ бағасының күрт қымбаттауы алдын ала жоспарланған әрекет болуы мүмкін екеніне де баса назар аударуды тілге тиек етті.
Ал Ресей президенті Владимир Путин болса Қазақстандағы агрессия алдын ала дайындалған операция екеніне толық келісетінін, бірақ газдың қымбаттауына қарсы шыққан халық бөлек екенін, ал бүлік шығарғандардың мақсаты басқа болғанын назарға алды.
Жалпы мемлекет басшысының ҰҚШҰ-нан әскер шақыруын үрке қабылдаған азаматтар көп болды. Сырттан бітімгершілік күшті шақыратындай Қазақстанның қарулы күштері қауқарсыз ба деген пікірлер жиі айтылды. Осыған байланысты әскери сарапшы Амангелді Құрмет «Қазақстандағы жағдай өте кешенді ұйымдастырылған. Кемі бір жыл немесе бес жыл дайындалған ұзақмерзімді жоспар болуы мүмкін. Сырттан әкелінген топ бар деп есептеймін. Иә Президент осы жағдайдан шығу үшін армияның элиталы топтарын пайдалануға мүмкіндік бермеді. Әйтпесе, Қапшағайда Қазақстанның ең қуатты мықты дайындалған әскерлері бар. Өте шебер мықты жігіттер. Әскерде генерал бұйрық беруі мүмкін. Бірақ оқиға болып жатқан жерде рота командирінің сөзі әлдеқайда өтімді. Әскерге рота командирі «жігіттер біз халыққа қарсы оқ атамыз ба?» десе, ол алдындағы адам халық па немесе қарулы топ па бәрібір, сарбаздың назарын бұрып әкетеді. Сол себепті Президент осындай қатердің бар екенін сезді де, әскерді көп қолданбады. Қоғам ойлап қалғандай біздің қарулы күштер оларды жеңе алмайтындай әлсіз емес еді. Ал біздің әскеріміздің аяқ-қолын байлап отырған жәйт сатқындар» деп түсіндірді. Ол сондай-ақ «Тек ҰҚК ғана емес, армиядағы кейбір офицерлерге, кейбір қызметкерлерге деген күмән Президенттің армияның элиталық топтарын пайдалануға мүмкіндік бермеді» деп Тоқаевтың бастамасын қуаттады.
Айта кетейік, қазіргі таңда еліміздің 14 өңірінде террористік қауіптің қызыл деңгейі алынды. Өкінішке орай, лаңкестік қауіптің қызыл деңгейі Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарында сақталып отыр. Бұл өңірдерде сойқан салған сабаздарды құрықтау операциялары әлі аяқталған жоқ. 11-қаңтардағы ресми дерек бойынша құзырлы орган елімізде жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деп ұсталғандардың саны он мыңға жуықтаған.