ЖАҢА ҚҰРАМ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРЫЛУЫНА ҚОЛТАҢБА ҚАЛДЫРА АЛА МА?
Аптаның сейсенбісінде Мәжіліске мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловты премьер-министр қызметіне ұсынды. Депутаттар оның кандидатурасын қолдады. Осылайша сарапшылардың «Тоқаев сенім артатын жаңа Үкімет басшысы Смайылов болуы мүмкін» деген болжамы дәл келді. Ал бірқатар азаматтардың «Министрлер кабинетін басқаруға жаңаша ойлайтын, саяси реформа жасайтын жаңа азамат келетін шығар» деген дәмесі сөз күйінде қала берді.
Еске сала кетейік, 5-қаңтарда Президент Үкіметті отставкаға кетіру туралы жарлыққа қол қойған соң, Әлихан Смайылов премьер-министр қызметін уақытша атқарушы болып тағайындалған еді.
Оның есімі ел тұрғындарына жақсы таныс. Ол бұған дейін мемлекет басшысының көмекшісі, Қазақстан Статистика агенттігінің төрағасы, екі рет Қаржы министрінің орынбасары болған. 2019 жылдың ақпан айынан бастап, қаржы министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Енді ол Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңадан жасақталған 12-ші Үкіметті басқарады. Ол басқаратын Үкіметтің құрамы қалай жасақталды? Тәуелсіз Қазақстан тарихында осымен он екінші рет жасақталған Үкіметтің құрамы қанша пайызға жаңарды? Тарқатайық.
Сейсенбіде бекітілген республиканың жаңа Үкіметінде Энергетика министрі жаңарды. Атқарған жұмысы қазақстандықтардың көп наразылығын тудырған ведомстваны енді Болат Ақшолақов басқарады. Ол бұған дейін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының активтерді басқару жөніндегі директоры қызметін атқарған.
Тағы бір жаңа кадр – Әлібек Қуантыров. Ол Ұлттық экономика министрі қызметіне тағайындалды. Бұдан алдын Қуантыров ведомстваның вице-министрі болған.
Біраз уақыт бойы басшысыз қалған Денсаулық сақтау министрі қызметіне Ажар Ғиният келді. Ал Мәдениет және спорт министрлігін басқарған Ақтоты Райымқұлованың орнына Дәурен Абаев ауыстырылды. Осыған дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып келген Қанат Мусин Әділет министрі орынтағына отырды. Еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тізгіні Қайырбек Өскенбаевқа тапсырылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін Асқар Омаров басқаратын болды. Бұған дейін бұл қызметті Айда Балаева жүргізген еді.
Осылайша бұрынғы министрлер кабинетінен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Әділет министрі Марат Бекетаев, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов кетті. Қалған Үкімет мүшелері өз орнында қалды. Олар Білім және ғылым министрі-Асхат Аймағамбетов, Төтенше жағдайлар министрі-Юрий Ильин, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі-Бағдат Мусин, Ауыл шаруашылығы министрі-Ербол Қарашөкеев, Ішкі істер министрі-Ерлан Тұрғымбаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі — Серікқали Брекешев, Қаржы министрі-Ерұлан Жамаубаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі-Серік Шәпкенов, Сауда және интеграция министрі — Бақыт Сұлтанов жылы орнын сақтап қалды.
Ал Үкімет басшысының бірінші орынбасары болып Роман Скляр бекітілді. Сауда және интеграция министрлігі басшысының орнын сақтай отырып, Бақыт Сұлтановқа да Үкімет басшысы орынбасары қызметі бұйырды. Ал Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Ералы Тоғжанов Үкімет басшысының орынбасарлары лауазымдарын сақтап қалды.
Бұған дейін Президент 7-қаңтарда халыққа арнаған үндеуінде «Үкімет менің 11-қаңтарда Мәжілісте айтатын сөзіме қатысты нақты шешімдер қабылдауы керек» деп мәлімдеген болатын.
Мемлекет басшысы айтқан мезгіл де келіп жетті. Президент Смайылов басқаратын он екінші министрлер кабинетіне бірнеше тапсырма берді. Олардың негізгілері қандай?
Мемлекет басшысы халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек болса, бұл аксиома біздің елде іске аспай отырғанын ашып айтты. Елдегі экономикалық өсуден тек белгілі бір олигархиялық топтардың ғана қалтасы қалыңдап жатқанын, сондықтан тұрғындардың табысын арттыру тетіктерін қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ ол елде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған реформалардың мақсатты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырған ірі кәсіпорындардың бар екеніне қынжылды. Мысал ретінде Қазақстан даму банкінің тек таңдаулы тұлғалардың жобаларын жүзеге асырып, ал шағын және орта бизнес өкілдерінің бастамаларын шетке ысырып келетінін тілге тиек етті. Даму банкінің нақты кімдерге жылымық заман орнатып келе жатқанынан жақсы хабардар екенін айтқан мемлекет басшысы Үкіметке аталған банктің қызметін қайта құруды қадап айтты. Жанар-жағармай бағасын реттеу бойынша кешенді ұсыныстарды әзірлеуді, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы қызметінің тиімділігін тексеруді, егер олар ұлттық байлықты еселей алмаған болса, оның қажеті бар ма жоқ па деген мәселе көлденең тартылуы керектігін баса айтты. Айта кетейік мекеменің активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды. Оның құрамына КЕГОК, Қазақ газ жəне Қазақстан темір жолы сияқты ірі компаниялар тобы кіреді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтардың әл-ауқатын көтеру үшін экономиканы әртараптандырудың маңызы зор екеніне тоқтала келе «Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркəсібін дамыту. Дегенмен ел экономикасындағы өңдеу өнеркəсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді. Біз əлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тəуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда»,-деп, Үкімет өнеркəсіп саласына терең талдау жұмысын жүргізуі тиістігін ескертті. Және жүргізілген талдаудың негізінде нақты жобаларды əзірлеп, инвесторларды тарту Үкіметтің жаңа құрамының алдында тұрған басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Бұдан өзге Президент елде утильді алым жинау ісімен айналысатын «Оператор РОП» компаниясының қызметін мемлекетке тапсыруды көтерді. Және кәдеге жарату алымдарының мөлшерін қайта қарауды мәлімдеді.
Президент ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді де айналып өтпеді. Соңғы жылы елімізде болған қуаңшылықтан астық 4 миллион тоннаға аз жиналып, шикізат және жем-шөппен қамтамасыз ету жоспарының ойдағыдай орындалуына кері әсерін тигізгенін, болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін екенін ескертіп, нақты іс-шаралар алгоритмін бақылауда ұстауды баса айтты.
Президент егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейтінін, сондықтан Смайылов басқаратын жаңа Үкімет алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мəселесін түбегейлі шешу қажет деген зор жауапкершілік жүктеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтегілерге бюджеттің бүйірін ұлғайту көздерін пысықтауды тапсырды. Оның бір жолы Қытай-Қазақстан шекарасындағы кеден бекетіндегі біраз былықтарды жойып, тәртіп орнату деп түйді. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев сенім артқан Смайыловқа бюджеттің әр тиынын шашау шығармай, ұқыппен жаратуға кеңес берді. Шығыс шаш етектен болмас үшін Үкімет мүшелерінің, өңірлер əкімдерінің жəне депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялайтынын хабарлады.
Одан өзге Президент тұтыну несиелері айтарлықтай артқанын, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмауды ескертті. Және 2025 жылға дейін елдегі инфляция деңгейі 3-4 пайыз болуы тиістігін айтты. Жаңадан жасақталған Үкіметке алдағы үш аптаның ішінде 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды. Және жаңа Үкімет коронавируспен күрес бойынша бақылау жұмыстарын уыстан шығармауды назарда ұстауын шегеледі.
Мемлекет басшысы кадрлық әлеуеттің төмендігін ескеріп, елде мемлекеттік қызметке алу бойынша артық талаптар мен кедергілерді жою керектігін, тиісінше, мемлекеттік қызметтен кету процесін де жеңілдету керектігін атап өтті. Кабинетте жылдар бойы қозғалмай отыратын шенеуніктермен оңай қоштасу қажеттігін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік орган басшыларының халықпен сөйлесе алмайтынын да сын тезіне алды. Бұл олқылықты реттеу үшін Үкімет мүшелері өңірлерге жиі шығуға тиістігін, ал өңір əкімдері əрбір елді мекен тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуі керектігін мәлімдеді. Өз сөзінде мемлекет басшысы атқамінерлердің барлығы көзбояушылық, жасандылықтан арылатын уақыт келгенін, есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тəсілдері өткеннің еншісінде қалуға тиістігін қатаң ескертті.
Жаңа Үкіметке жұмыссыздықты, əсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу, 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашуды, инженерлер мен өнеркəсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажеттігі сынды міндеттерді жүктеді.
Тағы бір айта кетерлік мәселе мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық-əлеуметтік қорын құруды тапсырды. Қорға түскен қаржы денсаулық сақтау, білім беру, əлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мəселелердің өзегін тарқатуға жұмсалатын болмақ. Құрылатын қор Президенттің, Үкіметтің немесе басқа мемлекеттік органның қоры болмайтынын, бұл – барша қазақстандықтардың қоры, халықтық қор болатынын қадап айтты. Және бұл қорға лотерея операторынан, бəс тігу орталығынан жəне басқа монополистерден міндетті жарналар түсетінін, ал ірі бизнес тарапынан қомақты əрі тұрақты аударымдар жасалатынын жеткізді.
Үкіметке үйдей тапсырмалар берген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталғанын нық сеніммен айтып, Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Енді Смайылов басқаратын министрлер кабинеті бұл тапсырмаларды қалай орындап шығатынын уақыттың өзі көрсетеді. Халық бағасын береді.
Сөз соңында сәл артқа шегініп, Үкімет үйін Мамин басқарған кезде елде орын алған негізгі оқиғалар қандай болғанын еске түсіре кетсек.
Министрлер кабинетін бір емес, екі емес, бақандай үш жылға жуық уақыт басқарған Асқар Ұзақбайұлы Мамин Үкімет басшысы болған жылдары елдің есінде қалған оқиғалар мыналар болды.
Жыл басында бейбіт сипатта басталған шерудің соңы дүрбелеңге айналғаны сол еді Мамин отставкаға кету туралы өтініш жазып, жұмысын тастай салды. Президентте оны ұстап тұрмады. Шамасы Тоқаев жұмыстың көзін таба алмайтын адамдармен оңай қоштасу керектігі туралы принципін дәл сол шақтан бастап қаперге алса керек.
Маминнің кенеттен қызметтен кетуі тұтас Үкімет үйіндегілердің отставкаға кетуіне ықпал етті. Бірақ жаңа құрам жасақталғанға дейін үкімет мүшелері өз қызметін атқара беретіні ескертілді. Сол себептен де шенеуніктердің барлығы (11-қаңтарға дейін) ведомства басшысының міндетін уақытша атқарушы болып шыға келді.
Мамин Үкіметті 2019 жылдың ақпан айында тізгіндеді. Сол жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери қоймадағы оқ дәрілер жарылды. Бұл оқыс жағдайдың енді қайталануын Үкімет толық ауыздықтай алмағаны 2021 жылдың 26-тамызында анық көрінді. Сол күні Жамбыл облысы, Байзақ ауылындағы әскери қойма жарылды. Бұл төтенше жағдайдан 17 адам қаза тапты. Тағы бір әскери қызметкер із түссіз жоғалып кетті.
2020 жылды да жайлы болды деп айту қиын. Сол жылдың ақпан айында Жамбыл облысы Қордай ауданында дүнгендермен қазақтар арасында болған тұрмыстық кикілжің жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Дәл осыған ұқсас жағдай көп ұзамай Түркістан облысы Шорнақ ауылында орын алды. Ол жерде қазақтар мен өзбектер арасында да жанжал туды.
Сол жылы тұтас әлем коронавирус дертіне байланысты пандемия жағдайында өмір сүруге көшті. Індет біздің республикада алғаш тіркеліп (2020 жылдың 13-наурызы), кейіннен көз ілеспес жылдамдықпен тараған кезде Үкіметтің әу бастан айтқан «жұқпалы індетпен күресуге, оны ауыздықтауға толық дайынбыз» дегені құр сөз екені анық байқалды. Халық дәріден тапшылық көрді. Біраз адам медицналық құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігінен дер кезінде көрсетілуі тиіс медициналық көмектен қағылды. Экономика құлдырап, жүз мыңдаған адам бір сәтте жұмыссыз қалды. Карантиндік шектеулерге байланысты тұрақты табысынан айырылған азаматтар үшін Үкімет ең төменгі еңбекақы көлемінде жәрдемақы берді.
Ауыл шаруашылығы саласы ауыр күндерді бастан өткерді. Былтырғы құрғақшылық салдарынан талай мал көтерем болып, арам қатты. Халық қымбатшылықтың құрсауында қалды. Басқасын айтпағанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары ай емес, апта сайын қымбаттады. Ет бағасы да шарықтады. Мамин басқаратын министрлердің барлығы қымбатшылық қыспаққа алған халықтың базынасына қатысты нақты жұмыс атқармады. Керісінше бәрін құрғақшылықпен байланыстырып құр жүре берді десек те болады.