СИЫР ЖЫЛЫ ЖАЙЛЫ БОЛДЫ МА? НЕМЕСЕ 2021 ЖЫЛДЫҢ ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАРЫ ҚАНДАЙ?
Жылдағы дәстүр бойынша «Уақыт» газеті жылжабар санында тарих қойнауына кіріп бара жатқан жылдың ең басты оқиғаларына шолу жасайды. Сиыр жылында елде болған ең елеулі оқиғалар не болды? Бірге талқылайық.
Сайлау өз мерзімінде өтті
Ағымдағы жылдың 10-қаңтарында ел өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Бұл жолғы сайлау соңғы 16 жылдан бері алғаш рет конституциялық мерзімде өтіп жатқанымен және бәсеке жеке кандидаттар арасында емес, партиялар арасында өткенімен ерекшеленді. Сонымен қатар әйелдер мен жастарға 30 проценттік квота енгізілді. Сайлауға Nur Otan, «Қазақстан халық партиясы», «Ауыл», «Ақжол» және «Adal» партиялары қатысты. Дауыс беру күнінде сайлаушылардың 63,3 пайызы өз таңдауын жасады. Түпкілікті қорытындысы 12-қаңтарда жарияланған сайлау нәтижесі бойынша Nur Otan партиясы сайлаушылар дауысының 71,09 пайызына ие болып жеңіске жетті. Ал «Ақжол» партиясы сайлаушылардың 10,95 пайыз, Қазақстан халық партиясы 9,10 пайызына ие болды. Қалған екі партия 7 пайыздық межені бағындыра алмады. Нәтижесінде Мәжілістегі 107 депутаттық мандаттың 98-ін үш партия өзара бөлісті. Оның ішінде 76 мандат Nur Otan партиясының еншісіне тиді.
Жаңа құрам айтарлықтай жаңармады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы сайлаудан соң Үкімет заң бойынша отставкаға кетуі керектігін мәлімдеген еді. Сол кезде Үкіметтің құрамы жаңарады деген болжамдар айтылды. Кейбір сарапшылар Премьер- Министр орынтағында отырғанына екі жылдай уақыт болған Асқар Маминннің тақтан түсетін уақыты әлі таямағанын айтқан. Дегенмен де 15-қаңтарда таңертең Асқар Мамин қызметінен кеткен соң жұрт бұл болжамды жәй сөз деп қабылдап, жаңа Үкімет басшысы қызметіне енді кім келеді деген сұраққа жауап іздей бастаған. Бірақ бірер сағаттан соң Асқар Мамин Үкімет басшысы қызметіне қайта оралды. Төменгі палата депутаттарына оның кандидатурасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ұсынды. Отырысқа қатысқан 99 депутаттың 78-і А. Маминнің кандидатурасын қолдады. Оның құрамы да айтарлықтай жаңармады. Тек екі министр ғана қызметінен кетті. Осылайша егемендік алған жылдан бері 12-рет қайта құрылған жаңа Үкіметтің құрамы айтарлықтай жаңармады.
Жердің шетелдіктерге сатылмайтыны жария етілді
Қаңтар айындағы елеулі жаңалықтың бірі – қазақ жерінің ешбір шетелдікке берілмейтіні, ешқашан сатылмайтыны. Мұндай мәлімдемені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында келтірді. Аталған мақалада Президент 2022 жылдан бастап Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталатынын, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату үшін Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында нақты бір байламға келу керектігін шегелеген. Мұндай мәлімдемені Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында да айтты. Осы мақсатта көп ұзамай яғни, 23-наурызда Жер комиссиясы құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесі туралы сәл кейінірек.
Миллионнан аса адам баспана жағдайын жақсартты
Осы жылдың қаңтар айынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емдеуге немесе қаржы компанияларына басқаруға беру туралы Президент тапсырмасын іске асыру жүзеге асты. Ағымдағы жылдың 23-қаңтарынан бастап БЖЗҚ қаржының бір бөлігін жаратуға мүмкіндігі бар 760 мың азаматтан (яғни жиналған қаржысы жеткілікті шектен асатын азаматтардан) өтінімдер мен құжаттарды қабылдайтын портал іске қосылды. Бұл жүйенің арқасында біраз азаматтар баспана жағдайын жақсартты. Президент ағымдағы жылдың 1-қыркүйегіндегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында бұл бастаманың арқасында миллионнан аса азамат үй жағдайын жақсартып, кейбірі ипотекалық қарызын азайтқанын жеткізген. Бұл сандар әлі де көбейер ме еді… Бірақ осы айдың басында биліктегілер бұл мәселеге қатысты зейнетақы қорында қалуы тиіс теңгенің шекті мөлшерін бастапқыдан екі есеге бір-ақ көтеріп тастады. Мәселен, биыл қолданылған ереже бойынша 20 жастағы азамат үшін зейнетақы қорында қалуы тиіс теңгенің шекті мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап бұл сома 3 140 000 теңге болуы керектігі айтылды. Халық бұл шешімге наразылық білдірді. Алайда оған билік селт етпеді. Үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смайылов мұны 2022 жылдың қаңтар айынан бастап ең төменгі айлықтың 41 пайызға яғни 42,5 мың теңгеден 60000 теңгеге өсетінімен байланыстырды. Экономикалық сарапшылар Үкіметтегілердің мұндай уәжіне қисынсыз деген баға берді.
Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев болса өзі көтерген бастама талаптарының дәл бұлай қатаңдатылуына қатысты Үкіметтегілерге қату қабақ танытпады. Тек зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеруді 2022 жылдың 1-сәуіріне дейін созу туралы тапсырма беруден ары аспады.
Меже орындалмады
Ақпан айының алғашқы күнінен бастап елімізде коронавирусқа қарсы жаппай вакцина салдыру науқаны басталды. Вакцинаны ең алғаш болып медицина қызметкерлері салдырды. Елімізде коронавирусқа қарсы салынған вакцинаның алғашқы түрі ресейлік «Спутник V» болды. Оның алғашқы легі Ресейден тікелей жеткізілсе, көп ұзамай өнім Қарағандыдағы фармацевтикалық зауытта шығарыла бастады. Екпе егу науқаны басталған алғашқы күндерден бастап елімізде індетке қарсы отандық «QazCovidIn» вакцинасы шығарылатыны хабарланды. Сөйтіп 26-сәуірден бастап ресми түрде отандық «QazVac» вакцинасын халыққа егу басталды. Оны алғашқылардың бірі болып сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қабылдады. Жалпы ағымдағы жылы елімізде 10 миллион адам коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын да қабылдайды деп жоспарланған еді. Бірақ жоспар тыңғылықты орындалмады. Бүгінде 8965031 қазақстандық коронавирусқа қарсы екенің бірінші бөлігін қабылдады. Ал вакцинаның екінші бөлігін 8 488 453 адам салдырды.
Әкімдер онлайн есеп берді
2005 жылдан бері барлық деңгейдегі әкімдердің ел алдындағы есебі биыл да жалғасын тапты. Бірақ жылдағыдай емес, өзгеше форматта. Пандемияға байланысты ауылдық округ, аудан, қала, облыс басшыларының жыл бойына атқарылған жұмыстарының есебі онлайн форматта өтті. Бұл тәсіл біраз әкімдердің оң жамбасына келді.
Халық қымбатшылықтан көз ашпады
Биыл азық-түлік тауарларының бағасы жылдағыдан күрт қымбаттады. Басқасын айтпағанда күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағаларының аспандап бара жатқаны ақпан айының басында қатты сезілді. Осыған орай өңірлерде жергілікті билік әлеуметік мәні бар тағамдарға шекті баға белгілеп біраз белсенділік танытқандай кейіп танытты. Бірақ биліктегілер қымбатшылыққа тұсау бола алмады. Мысалы, жылдың алғашқы тоқсанында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 3,2 пайызға өссе, 8 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 10 пайызға бір-ақ жетті. Жыл бойы жұмыртқа бағасы 33 пайызға, сүт өнімдерінің бағасы 8 пайызға, күнбағыс майы 1 литрі үшін 60 пайызға аспандады. Биыл Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында болған құрғақшылықтан ет бағасы да еселеді. Қой етінің бір келісі 14 пайызға өсті. Жылқы мен сиыр етінің құны 9 пайызға көтерілді. Биліктегілер бұған нақты қадам жасап жатқан жоқ. Қайта керісінше бәріне биылғы құрғақшылық әсер етті деп қалыпты жағдай ретінде қабылдап кетті.
Бір жылдық үзілістен соң оқушылар партаға отырды
Былтыр мектеп оқушылары пандемияға байланысты соңғы тоқсанды қашықтан оқыған еді. Бұл дәстүр жыл аяғына дейін жалғасты. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында да оқушылар сабақты онлайн оқыды. Елдегі эпиджағдайдың тұрақталуына байланысты 1-наурыздан бастап мектептердегі оқу форматы өзгертіліп, соған сәйкес 6,7,8 және 10-сыныптан басқа оқушылар дәстүрлі форматта білім ала бастады. Одан алдын яғни, үшінші тоқсан басталған кезде 9,11,12 сынып оқушылары аралас оқыту форматына (70 пайыз дәстүрлі, 30 пайыз қашықтан) көшірілген болатын.
Мешіттер жамағатты қабылдай бастады
Осы жылдың наурыз айында елімізде коронавирусты бағалау матрицасы бойынша жасыл аймақта тұрған өңірлерде жамағаттың жұма намазын мешітте оқуына рұқсат етілді. Одан бір жылға жуық уақыт бұрын, дәлірегі, 2020 жылдың 16-наурызында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пандемияға байланысты елде жарияланған төтенше жағдай кезінде мешіттерде жұма және бес уақыт намаз оқуды уақытша тоқтату туралы пәтуа шығарған болатын. Бір жылдық үзілістен соң, бұл шектеудің алынғанын жамағат жылы қабылдады.
Мораторий тағы да ұзартылды
Сөз басында ағымдағы жылдың 23-наурызында Президент тапсырмасына сәйкес жер комиссиясының құрамы бекітілгенін атап өттік. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық еткен комиссия құрамында барлығы 80 адам болды.
Бес рет бас қосқан Жер реформасы жөніндегі комиссия ауыл шаруашылығы жерлерін өз азаматтарымызға жеке меншікке сату мәселесіне бес жыл мораторий енгізуден бөлек, жерді пайдалануға қатысты Парламентке 28, мемлекеттік органдарға 47 ұсыныс жолдады. Олардың ең негізгілері келісідей. Комиссия жер ресурсын пайдалануды бақылайтын арнайы Жер агенттігін құруды ұсынды. Соған сәйкес, жергілікті әкімдіктерде жерді пайдалануды бақылайтын жер инспекторларын сол агенттікке бағындыру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар жергілікті әкімдік жанынан құрылған жер комиссияларын жойып, жер телімдерін бөлуді екшейтін комиссияның қызметін сандық технология тәртібімен ашық бөлуді ұйымдастыру керек деп шешеді. Бұдан бөлек жер реформасы жерді кімнің пайдаланып отырғаны туралы ашық жер кадастрын орнатуды, ауылдардың 5 шақырымдық радиусындағы жайылым жерлердің барлығын мемлекет меншігіне қайтарып, ендігі кезекте ол аумақтарды ешкімге жалға бермеуді қамтамасыз етуді алға тартады.
1700 шақырым жол ақылы болды
Маусым айында еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республикалық маңыздағы 5800 шақырым автомобиль жолы ақылы жүйеге көшетінін мәлімдеді. Бұл шешімді жүргізушілер нарызылықпен қабылдады. Кейіннен министрлік бұл мәлімдемесінен тайқып, әуелі 1700 шақырым жол ақылы жүйеге көшетінін айтты. Олар «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінің «Қайнар-Тараз-Шымкент-Шымкент-Қызылорда-Шымкент-Ташкент» бағыты, «Щучинск-Көкшетау», «Қапшағай-Талдықорған», «Нұр-Сұлтан-Павлодар», «Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен» учаскелері. Елімізде жолдардың ақылы жүйеге көшуі 2013 жылы іске қосылған болатын.
Құрғақшылықтан қоқыс қорекке айналды
Биылғы құрғақшылық маусым айында қатты сезілді. Осы уақытта Маңғыстауда жем-шөптің жоқтығынан түйелердің картонды жапырып, жылқылардың қоқысты қорек етіп жатқан видеосы желіге тез тарады. Дәл осыған ұқсас жағдай Қызылорда облысында да орын алды. Құрғақшылықтан шүйгін шөптің болмауынан мыңдаған мал көтерем болып, арам өлді. Өз кезегенде Ауыл шаруашылығы министрлігі екі өңірде болған қуаңшылықтан 2 мыңға жуық мал қырылды дегенді алға тартады. Ал шаруа қожалықтары мұнымен келіспейді. Қырылған малдың саны одан көп деп санайды. Тіпті кейбір шаруалар Маңғыстауда биылғы жұттан малдың төрттен бір бөлігі ғана аман қалды деп есептейді.
Дегенмен де бұл жағдай биліктегілердің, соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысты жоспарлы жүргізбейтінін анық көрсетті. Дәл осы құрғақшылықтың болатыны туралы синоптиктер қанша дабыл қақса да, тиісті ведомства оған құлақ аспаған. Мұны экс-министр Сапархан Омаров Сенат депутаты Дана Нұржігіттің «Қуаңшылықтың болатынын алдын ала болжауға болмас па еді? Синоптиктермен байланыста болатын арнайы қызмет бар ма сіздерде? Біз неге ел болып асар жариялап малға шөп жинап жүрміз?» деген сұрағына «Бұрынғы кезде көбінесе бұл мәселені егіс алқаптары бойынша алып отырғанбыз. Енді бұдан кейін жайылымдар жөнінде де алатын боламыз» дегені соған дәлел. Сапархан Омаровтың министрлік қызметтен кетіп тынғанын ескерсек, оның алдағы уақытта да бұл мәселеге бас қатырмайтыны айдан анық. Ал оның орнына келген министр Ербол Қарашөкеев болса мән жайға әлі терең үңіліп үлгермеген сыңайлы. Жуырда бір топ шаруа қожалықтармен жүздескен ол құрғақшылық болған өңірлерде биыл күзде және қыстың алғашқы күндерінде күн райы қалай болғанын сұрап әлек…
Құрмет құрметке лайық іс тындырды
Дәл осы өңірлерде құрғақшылық қатты сезіліп, оның зардабын жылқы мен түйелер тартып отырғанына алғашқы күндері биліктегілер міз бақпай қарап отырса, күнгейлік Құрмет Талапқазы есімді тұрғын белсенділік танытқан. Ол құрғақшылықпен күресу үшін қазақстандықтарға үндеу тастап, оңтүстікте асарлатып шөп жинап, оны жұт келген өңірлерге тарату туралы бастама көтерген. Өзі бастама көтерген қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүріп, халықпен бірге құрғақшылық болған өңірлерге 500 вагоннан аса шөп жіберген.
Картоп қат өнімге айналды
Дәл осы уақытта жүргізушілерді ресубликалық маңыздағы жолдардың кейбір учаскелерінің ақылы жүйеге көшуі қынжылтса, жалпақ жұртты картоп бағасының күрт қымбаттауы қатты таңқалдырды. Агросекторы дамыған ел деп кеуде керетін Қазақстанда картоп бағасы 500 теңгеге дейін қымбаттады. Салаға жауапты сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазақстандардың бір жылда 3690 картоп тұтынатынын, ал биыл өндіру көлемі одан көп болғанын, бұл қымбатшылыққа алып сатарлар кінәлі дегеннен артық ештеңе жасамады. Картоппен қатар биыл сәбіз құны да шарықтап, келісі 800-теңгеге дейін барды. Аталған министрлік мұны маусымдық сипаттағы жағдай деп жылы жапты. Тиісті ведомства өкілдері сәбіздің қат өнімге айналуын сәуір-шілде айларында өнім Өзбекстаннан импортталатынын, биыл көрші елде сәбіздің бағасы жылдағыдай емес 55 пайызға қымбаттағаннан деп түсіндірді. Ел тұрғындарының бір жылда қанша өнім тұтынатынын, нақты қай уақытта елде сәбізге деген тапшылық сезілетінін біле тұра нақты әрі тиімді қадамдарға бармайтын, биылғы қуаңшылыққа байланысты нақты іс-шаралар алгоритмін әзірлемегендіктен, салдарынан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында мыңдаған малдың қырылуына жол бергені үшін Сапархан Омаров шілде айының ортасында отставкаға кетіп тынды.
Айта кетейік, картоп пен сәбіз бағасы тамыз айында тұрақтады.
Жанкүйерлер сенімі ақталмады
Осы жылы қазақстандықтар картоп пен сәбіз бағасы бұлайша шарықтай түседі деп үш ұйықтаса да түсіне кірмеді. Ал Токиода өткен 32-ші Халықаралық Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар алтыннан құр алақан қалады деп мүлдем ойламады. Алтын былай тұрсын, қоржынға күміс медаль да түспеді. Барлығы 97 спортшы спорттың 28 түрінен бақ сынасқан байрақты жарыста 8 қола медальды қанжығаға байлады. Сөйіп командалық есеп бойынша 83 орынға табан тіреді. Бұл ел спортшыларының қатысуымен өткен Жазғы Олимпиада ойындарындағы ең төменгі көрсеткіш болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болса Жазғы Олимпиада ойындарындағы қазақстандық спортшылардың қол жеткізген «жетістіктері» туралы «Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді» деп күрсінді. Ал жетім жеңілістің ащы дәмін татқан спортшылар болса халықтан кезекпен кешірім сұрады.
Байзақтағы жарылыс көп былықтың бетін ашты
Тамыз айының 26-да Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болды. Инженерлік оқ-дәрілер сақталған қоймада болған жарылыстан 15 адам қазақ тауып, 100-ге жуық адам зардап шекті. Бұл жарылысты халық биліктегілердің салғырттығы деп сөкті. Себебі 2019 жылдың 24-маусымында Арыстағы әскери қоймада болған жарылыстан соң, ондағы кейбір оқ-дәрілерді осы Байзақтағы қоймаға жеткізілген екен. Арыстағы болған жарылыстан ешқандай сабақ алмаған Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың (авт.сол кездегі) қарата сындар қарша борады. Жұрт оның 2019 жылдың маусымында Арыста болған жарылыстан кейін «оқ-дәрілер қауіпсіз жерге, елді мекеннен алыс жатқан әскери полигондарға тасымалданады» дегенін еске алып, екі сөйлегеніне налыған.
Ал сол кездегі Қорғаныс министрі болса Нұрлан Ермекбаев Байзақтағы жарылысты білген бойда отствакаға кету туралы өтініш жазуды ойлапты. Оның өтінішін мемлекет басшысы қабылдады. Оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды. Ол оған дейін Ермекбаевтың бірінші орынбасары болған. Айта кетейік, Байзақтағы әскери бөлім мен оқ-дәрілер қоймасы 1972 жылдан бері жұмыс істеп келген. Осы жарылыстан кейін бірнеше күн өткеннен соң Мәжіліс депутаты Сергей Решетников еліміздегі Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт-құтқару техникасы мен өрт-техникалық жабдықтарының біраз бөлігі ескіргенін ашық айтты. Қайткен күнде де Байзақтағы жарылыс төтенше жағдайлар саласындағы біраз былықтың бетін ашты.
Үшінші санақ өтті
Осы жылы болған ең маңызды оқиғалардың бірі – халық санағы. Былтыр пандемияға байланысты бір жылға кейін шегерілген науқан 1-қыркүйек пен 30-қазан аралығында өткізілді. Қарашаның басында халық санағының бірінші кезеңі аяқталғаны мәлім етілді. Тәуелсіздік алған жылдан бері үшінші рет өткізілген санақ «Қазақстанда әркім маңызды!» ұранымен өтті. Санақтың алғашқы нәтижесі бойынша қазақстандықтардың жалпы саны 19 169 550 адам болған. Оның ішінде 48,71 пайызы ерлер, 51,29 пайызы әйелдер. Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов санақтың толық қорытындысы 2023 жылдың І-тоқсанында жарияланатынын айтты. Айтпақшы, тамыз айында еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны тіркелді. Бұл жаңалықты мемлекет басшысы өзінің Твиттер парақшасында мәлімдеді.
Сотталғандарға рақымшылық жасалды
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қылмыстық жауапқа тартылғандар үшін рақымшылық жарияланды. Рақымшылықтың болатыны туралы Президент былтыр мәлімдеген еді. Соған сәйкес депутаттар «ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң жобасын мақұлдап, Президент қол қойды. Заң жобасында рақымшылыққа зейнет жасындағы сотталғандар, елу жасқа толған және одан үлкен әйелдер, алпыс жастан асқан ерлер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, аяғы ауыр келіншектер, ана құқынан айырылмаған балалы әйелдер мен кәмелет жасына толмаған қылмыс жасағандар ілігетіні айтылды. Заң жобасын талқылау кезінде педофилдерге, жемқорларға, қылмыстық топтардың бұрынғы қатысушыларына, адам өлтіргендер мен экстремистерге рақымшылық қолданылмайтыны айтылды. Рақымшылыққа сәйкес биыл 1 мың адам абақтыдан шығып, 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылатын болды. Сонымен қатар 1294 сотталушы мен пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқарады.
Елбасы партия төрағалығын Тоқаевқа тапсырды
Сонымен қатар биыл еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы төрағалығын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру туралы шешім қабылдады. Бұл шешімін Елбасы партияның саяси кеңесінің отырысында «Nur Otan партиясын саясат пен стратегияны анықтайтын ел президенті басқаруы керек деп санаймын. Бізде үнемі солай болған. Біз мұны партиямыздың жарғысын негізге ала отырып шешуіміз керек. Мен партияның негізін қалаушы әрі оның белді мүшесі ретінде сіздермен қала беремін. Бірақ біз өмір мен болашақтың заңдылығына бағынуымыз керек» деп түсіндірді. Ал саяси шолушылар билеуші партияның төрағасы болу Тоқаевқа партияның атын өзгерту, партияны тарату, өзгерту, президенттікке кандидатты бекіту, төрағаны алып тастау сияқты өкіліттілік беретінін түсіндірді. Сонымен қатар Мәжілістегі 107 депутаттың 76-сы, Сенаттағы 34 мандат пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың түгелі, әкімдердің барлығы дерлік партия мүшелері екені, мұның өзі өкілеттілік Тоқаевтың ықпалын арттыра түсетінін айтты. Дегенмен де партия төрағасын сайлау немесе оны қызметінен босату партия жарғысына сәйкес съездің құзіретінде екенін, әлі партия съезі өтпегенін, соған сәйкес, Елбасының шешімі әлі заңды күшіне енбегенін айта кетейік.
Өмір бар жерде – өлім бар десек те…
Өтіп бара жатқан сиыр жылында ана мен бала өліміне қатысты бірнеше өзекті өртер өкінішті жағдайлар орын алды. Ақпан айында Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласындағы бес қабаттың үйдің 3 қабатында тұратын пәтерде бір үйдің шиеттей бес баласы өрттен қаза тапты. Тілсіз жау пәтерді шарпыған кезде балалардың әкесі жұмыста, анасы дүкенге кеткен. Одан кейін наурыз айының басында Түркістан қаласында түтін тартқышы жоқ каминмен жылытылған үйде қалың ұйқыға кеткен ана мен төрт бала ыс тиіп көз жұмған. Отбасының иесі сол күні үйінде болмаған.
Қараша айында ай күннің аманында Алматы қаласында 28 жастағы жас ана 6,5 және 2 жастағы үш баласымен бірге көп қабатты үйдің 9-қабатынан секіріп қайтыс болады. Бұл қайғылы оқиға кезінде де отағасы үйінде болмаған. Жұрт жағасын ұстатқан бұл жағдайға қатысты халық пікірі сан саққа жүгірді. Бірі әйелді шарасыз күйге душар еткен не нәрсе? деп сұрақ қойса, енді бірі балалардың өмірін қалай қиды деп қынжылады. Өмір бар жерде өлім бар десек те бұл жағдайларды қазақстандықтар үлкен күйзеліспен қабылдады.
Депутаттар не деді?
Биыл Парламенттегі біраз депутаттар халық үшін тиімді болатын біраз бастама көтерді. Мысалы, жыл басында Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов Үкіметтен мемлекеттік төлем есебінде әр жаңа туылған нәрестеге 4,2 млн көлемінде ана капиталын енгізуді ұсынды. Бұл қаражатты мақсатты пайдалану арқылы баспана, білім, зейнетақы жинақтарын жақсартуға болады деген депутаттың мәлімдемесі аналардың көңіліне ерекше үміт отын ұялатқан еді. Бұдан өзге ол Қазақстан халық партиясы атынан Үкіметке елімізде 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі 600 мыңнан астам азаматтың бар екенін, соның 15 пайызы немесе 85,5 мыңы жұмыс істейтінін алға тарта келе «Олар зейнет жасына 63 жасқа толғанда шығады. Олардың физиологиядық жай-күйі мен денсаулық жағдайын ескерсек, 63 жасқа дейін жұмыс істеу оларға қиынға соғады. Олар көпбалалы аналар секілді 55 жасқа дейін жұмыс істеу керек» деген мәселе көтерді.
Сонымен қатар жыл басында төменгі палата депутаты Александр Милютин азаматтардың зейнетке шығу жасын 60-қа дейін түсіруді ұсынды. Оған дейін бұл ұсынысты депутат Айқын Қоңыровта айтқан еді.
Балаларға берілетін әлеуметтік төлемдер туралы депутат Айжан Ысқақова мәселе көтерді. Ол 1 жасқа дейінгі балаға төленетін 1 айлық жәрдемақы 16801 теңге болса, сотталып, абақтыда отырған азаматтарды бағып-қағу үшін бюджеттен 88500 теңге бөлінетінін, сонда мемлекет үшін балалардан гөрі қылмыскерлер маңызды ма деген мәселе көтерді.
Жуырда Парламент депутаты Ерлан Саиров елімізде көмір бағасы тұтынушыға жеткенге дейін бірнеше делдалдан өтіп, салдарынан өндіру орындарынан тоннасы 7800 теңгеден босатылатын өнім өңірлерге жеткенге дейін 25-30 мың теңге аралығында сатылып жатқанын, бұл мәселеге қатысты Үкімет нақты қадамдар жасауы тиістігін мәлімдеді. Өкінішке орай депутаттар көтерген бұл мәселелердің барлығына Үкімет ешқандай қадам жасамады.
Мамин елді елең еткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша жұмыс істеуге көшуді міндеттегеніне екі жылға жуық уақыт толды. Бірақ халық үні былай тұрсын, оның халіне терең үңілмейтіндерін биліктегілер бір емес бірнеше рет байқатып алды. Мысалы, жыл басында Үкімет басшысы Асқар Мамин Алматыда өткен «Digital Almaty 2021» халықаралық форумында Қазақстан халқының интернетпен қамтылу көрсеткіші 99 процентке жетті деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Премьер Министрдің бұл сөзінің шындықтың ауылынан алыс екенін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Бағдат Мусиннің «Қазақстанда 6500 елді мекен бар. Олардың ішінде 5300-і әртүрлі технологиялар арқылы интернетпен қамтылған. Бірақ осы елді мекендердің 500-де интернат сапасыз» деген сөзі айқын дәлелдеп берді.
Бұдан бөлек Асқар Ұзақбайұлы қазан айында Парламентке бір жарым жылдық үзілістен соң оффлайн түрде ақпарат таратуға келген журналистердің сауалына жауап бермей, лифтіге қарай бет алып, соңынан тілшілерді жүгіртіп қойған қылығы да біраз талқыланды.
Еліміз өлім жазасынан бас тартты
Желтоқсанда Сенат елімізде өлім жазасы мүлдем қолданылмайтын заң жобасын қабылдады. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодекстің 11 бабынан өлім жазасы алынды. Енді елімізде ең қатаң жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру болып қалады. Қылмыстық кодексті толықтыру арқылы өлім жазасы өмір бойы бас бостандығына айыруға ауыстырылғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынады. Осылайша Қазақстан өлім жазасынан бас тартқан әлемдегі 106 мемлекеттің қатарына кірді. Халықаралы хаттама бойынша елде өлім жазасын алып тастағаннан кейін оны қайта қалпына келтіруге болмайды.
Қазақстанда өлім жазасына қатысты мезгілсіз мораторий 2003 жылдың желтоқсан айына жарияланған болатын.
Дайындаған, Салтанат ИБРАГИМОВА.