ЖЕТІ ТҰҒЫР ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЙДЫ

Ертеде адамдар ұзақ жолға сапар шегер сәтте адаспау үшін жұлдыздарды бағыттаушы сызба ретінде қолданған екен. Сол сияқты «Елдіктің жеті тұғырын» – еліміздің даму жолына бағыттайтын жеті қарақшы жұлдызы іспеттес жол нұсқаушы сызба деуге келеді. Ел болып ес жиғалы рухани болмысымыз бен мәдениетіміз жарыса дамып, қазіргі сағат санап ілгерілеп жатқан әлемдік даму толқынымен ұштасып келеміз. Бұл ең алдымен еңбекқор халқымыз бен елін сүйген Елбасымыздың 30 жылға таяу еңбегінің арқасы. Осы орайда, Елбасымыз елін сүйген көшбасшы ретінде өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қолдау мақсатында «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.

«Елдіктің жеті тұғыры» — Елбасымыздың 30 жылдық тәжірибесі, елге деген жанашырлығы және сүйіспеншілік кеңесінің жиынтығы. Әр тұғырдың астарында алтынға бергісіз ақыл, томдарға жүк болар тарих, ұлттың ұпайын түгендейтін құндылық пен қасиет жатыр. Қазақ – текті де дархан халық. Ал Елбасы ұсынған қағидаттар сол тамырдан тарайтын тектілігімізге нәр, мақсатымызға қуат береді. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде әр азаматтың бәсекеге қабілетті, озық ойлы, тәлімі мен тәжірибесі ұштасқан заман адамы болуына ықпал етеді.
Елбасымыз бірінші тұғырда, Тәуелсіздігіміздің ең ұлы, ең қастерлі құндылығымыз екенін айтқан. «Өз үйім — өлең төсегім» деп дана халқымыз айтқандай, әр ұлттың өз мемлекеті, өз мекені болғанынан артық бақыт жоқ шығар. Ата-бабамыздың арманы болған, қаншама батырларымыздың қанымен, терімен келген ұлы Тәуелсіздігімізді, территориясы бойынша әлемде 9-орын алатын кең байтақ жерімізді сақтау әрбір азаматтың парызы екенін айтқан. Сонымен қоса тәуелсіздігімізді сақтау, мәңгілік ету өскелең ұрпаққа аманатталатынын, осы жолда жас ұрпақ әрқашан еңбекке дайын болуы керегін атап көрсеткен. Иә, тарихымызда еліміздің егемендігі жолында жанын қиған батыр мен қайраткер көп. Бүгінгідей берекелі күннің іргесін кешегі тарихи тұлғаларымыз қалап кетті. Дегенмен тәуелсіздікті алғаннан сақтап қалудың қиынын жақсы білеміз. Бүгінгідей қым-қуыт заманда елдің іргесіне ырыс тұралатып, шаңырағына шаттық ұялату – әрбір азаматтың міндеті. Себебі біз сияқты егемен ел атана алмай, өзгенің қолына қарап отырған ұлт-пен ұлыс көп. Осының өзі-ақ азаттығымыздың құнын айшықтап тұрған тәрізді.
Екінші тұғырында бірлік пен келісім — еліміздің тұрақты тұғыры екені айтылады. Бір тудың астында қаншама ұлтты біріктіру, бауырмалдыққа баулу ең алдымен еліміздің ақ көңілі мен дархан пейілінің, Қазақстан халқы Ассамблеясы әлеуетінің және Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы деп білемін. Әлемдік ахуалға көз жіберіп көрейік. Ондаған ұлтты айтпағанда, бір ғана ұлттың өзі сан түрлі топқа бөлініп, тартысып жатқанын ақпараттық сайттардан оқып жүрміз. Берекесі қашып, бірлігі сетінеген талай елдің тағдыры қыл үстінде тұр. Мыңдаған бүлдіршін от пен оқтың арасында балалықтың бал дәмін тата алмай есейіп жатыр. Ұйқысы қашып, Тәңірден тілеп, жанын шүберекке түйіп қаншама адам жүр. Әрине, осының бәрін көріп отырып, осындай 130-дан астам ұлт пен ұлысы ұйысқан берекелі елде өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Бірлік пен келісімнің маңызын да айқын ұғып, жақсы түсінеміз. Елбасының мұны қағидаттар жиынтығына қосуы – тереңнен толғайтын көреген көшбасшы екенін тағы бір дәлелдей түскен тәрізді.
Үшінші тұғырында, жердің ата-бабамыздан қалған қастерлі мұра, халық қазынасы екенін айтқан. Ежелден жеріміз жанмен құндас қастерлі, қасиетті ұғым. Тәуелсіздігіміз жарияланған тұста Елбасымыз әуелгілерден болып еліміздің шекарасын бекітті. Бұл — еліміздің даму жолындағы ең ұтымды қадам. Елбасы да өскелең ұрпаққа жерімізді қастерлеп, көз қарашығындай сақтап, азаттығымызды мәңгілік етуді өсиеттеп, мирас ету борышымыз екенін айтты. Осыншама байтақ жеріміз бар. Ата-бабамыз қарыс жердің қадірін біліп, қасық қаны қалғанша күресті. Енді сол жерді сақтау – өскелең ұрпақтың желкесіне артылар жауапкершілік. Бәсеке заманында ешкімге есе бермей, елдігімізді таныта түсу үшін білім мен тәжірибе, тәлім мен ұлтжандылық сынды ұлы ұғымдар қажет. Ол да бүгінгі бүлдіршіндеріміздің бойынан табылады деп сенемін.
Төртінші тұғырында отбасы мен салт-дәстүрдің қоғамның алтын діңгегі екенін айтқан. Дана халқымыз «отан отбасынан басталады» дейді. Отансүйгіштік туған өлкеңдегі отбасыңа, еліңе, тіпті, ұшқан құс пен аққан бұлақ сыңғырына деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Отбасы құндылығы сақталса, бүкіл салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың сақталғаны. Ақыл, жүрек, қайрат, намыс, адалдыққа сүйене отырып, дәстүріміздің игісін оздырып, бұрысын тоздырып, саналы өмір сүруіміз қажет екенін жеткізген.
Бесінші тұғырында, Елбасымыз «ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі» дейді. Тарих қойнауын ақтарар болсақ, болмысы ерекше, рухани-мәдени мұраларға бай халық екенімізге көзіміз жетеді. Мәдениет — біздің тереңнен келе жатқан тәрбиеміз, өне бойымыздағы бүкіл қасиеттеріміз. Ол қасиеттердің игі жиынтығы мен мәдени, рухани құндылықтары дамыған 30 елдің қатарына қосылуымызға септігін тигізеді. Бүгінде ұлттық тәрбиемен сусындап, мәденитіміздің мәнін тереңнен түсінетін жастарымыз әлемге еліміздің атын танытып, мойындатып жатыр. Демек мәдениеттің өзі елдің әлемдегі оң имиджін қалыптастыра алады.
Алтыншы тұғыры. Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп дана Абай айтқандай, біз тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек. Қазіргі таңда өз өнерімен, білімімен елдің атын танытып жүрген дарынды жастарымыз өте көп. Міне осының бәрі — білім мен еңбектің нәтижесі. Елдің үмітінің ақталғанын және адал еңбек пен ұшқыр білімнің арқасында ғана ұлы жетістіктерге жете алатынымызды атап өткен. Сөз жоқ, бәсеке заманында білімді де тәжірибелі адамның ғана жолы болады. Ал елдің атын ердің, ердің атын еңбектің шығаратынын жақсы білеміз. Ендеше білім мен еңбек — жетістіктің сыңары. Оларсыз елді дамыту мен көпті таңғалдыру мүмкін емес.
Жетінші тұғырында «прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі» дейді Елбасымыз. Қолымызда бар мүмкіндіктер аясында, тиімді жолдарды таңдап, үздік нәтижелерге жетіп, еліміздің дамуына үлес қосуға мүмкіндіктер мол. Сондықтан прагматизм қағидаттары бойынша, яғни қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты үнемді пайдаланғанның жөн екенін, осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел болатынымызды айтқан.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жариялаған «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы өз арнасын тауып, ел игілігі жолында сапарға шыққан, елім деп соққан жүректерге жалау болып, оларды елдің дамуына ықпал етер жолға түсуге бағыттайды деп сенемін. Әрбір айтылған қағидат қазақстандықтардың жүрегінен орын алып, санасына мықтап сіңсе, мемлекетіміздің даму қарқыны күшейіп, халқымыз бір шаңырақ астында ұйысып, кемел келешекке қадам басатынымызға сенемін. Елдің болашағы бүгінгі жас буынға байланысты. Ал Елбасымыз олардың жан-жақты болып өсуіне бар жағдайды жасады. Енді жарқын болашаққа бағыттайтын бағдарды да ұсынды. Болашағымыз жарқын болсын! Еліміздің тұғыры биік болып, көк туымыз мәңгі желбіресін!

 

Төреайым Сұлтанова,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты,
Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі.