ЖЫЛДАМ ИНТЕРНЕТ ҮШІН СТАНЦИЯЛАР ЖАҢАРТЫЛДЫ
Түркістан облысында «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша талшықты-оптикалық интернетті пайдалану жобасы іске асырылды. Қазақстанда алғаш рет қолға алынған жоба аясында инвестор «NanoTech» ЖШС жыл басынан бері облыстағы 70-ке жуық ауылдық елді мекен тұрғындарын интернетпен қамтыды. Дәл осындай тәсілмен келер жылы 30 мыңға жуық тұрғын үй, яғни, 150 мыңға жуық тұтынушы сапалы интернетке қол жеткізетін болады.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің аппарат отырысында айтылды. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Өтебаевтың айтуынша, өңірде ғаламтормен қамту, цифрландыру бағытында өзге де маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Биыл облыста «Кселл» акционерлік қоғамы тарапынан 58 елді мекен мобильді кең жолақты ғаламтормен қамтылды. Бұдан бөлек өңірде қолданыстағы 2G және 3G станцияларын 4G-ге ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, «Кселл» байланыс операторы облыс бойынша қолданыстағы 22 базалық станциясын 4G-ге ауыстырса, Түркістан қаласында қосымша 3 жаңа станция орнатып, 6 станцияны 4G-ге ауыстырды. «Билайн» байланыс операторы 30 станциясын 4G-ге ауыстырса, «Tele2» байланыс операторы облыс бойынша қолданыстағы 214 станциясын 4G-ге ауыстырған.