ЕЛБАСЫ ҰСЫНҒАН ҚАҒИДАТТАР ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚҚА ҚАЖЕТ ҚҰНДЫ КЕҢЕС, БАҒАСЫЗ БАҒДАР

Жастардың потенциалы, қажыр-қайраты қашан да жоғары. Сондықтан елдің болашағын бүгінгі өскелең ұрпақтың аяқ алысына қарап болжап жатады. Дегенмен қазіргідей жаһандану дәуірінде адамның ойын сан саққа жүгіртіп, мақсатынан адастыратын ағымдар мен ұғымдар көп. Жастар қоғамның қозғаушы күші болуымен қатар, әлгідей теріс пиғылды көздейтін топтардың идеологиясына келгенде қауқарсыз екенін де ескеру керек. Ұлтымыз сондықтан ұрпақ сабақтастығына айрықша мән береді. Бүгінгідей сын сағатта тәжірибе мен тәлімнің, бағыт пен бағдардың маңызы айрықша. Мұның барлығын тектен-текке айтып отырғаным жоқ. Ағымдағы жылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынған болатын. Бұл қағидаттар қоғамда қызу талқыланды. Баса айтқым келетіні, Елбасы ұсынған қағидаттар әрбір жастың санасына мықтап сіңуі керек. Сонда ғана дамудың даңғыл жолына түсіп, әлеуметтің әлеуеті артып, еліміз дами түспек. Толығырақ тоқталайын…
Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Елбасымыз «Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Жер жүзінде өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескерсек, еселі еңбекке арналған отыз жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық» деп атап өтті. Рас, өткен ғасырда туып, есейген қандастарымыз аталған қасиетті күннің қадірін айқын ұғып, анық түсінеді. Әйтсе де Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін дүние есігін ашқан қазіргі жастар алдыңғы буын сезінген күй мен қиындықтан бейхабар. Тек тарих беттерінен ғана өткеніміз турасында танып, біледі. Сондықтан Тәуелсіздіктің қасиетті де қастерлі ұғым екенін жастардың, өскелең ұрпақтың санасына мықтап сіңіре беруіміз тиіс. Мұны Елбасы да қағидаттар жиынтығына қосып, ұлы мерекенің, қастерлі түсініктің қасиетін арттыра түскендей.
Бірлік пен келісім – еліміздің мызғымас тұғыры. Тәуелсіздік алған жылдарда құрылған еліміздегі ең тиімді әрі жемісті бастаманың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. Мұны бірқатар зерттеушілер де жазып, айтып жүр. Аталған орган еліміздегі ондаған ұлт пен ұлыстың ұйысып, ортақ мақсат жолында тер төгуіне серпін беріп келеді. Әрине, осындай игі бастаманың артында Елбасымыздың тұрғаны белгілі. Айтпағым, бірлік пен келісім кез келген мемлекет үшін өте маңызды. Бірлігі жоқ елдің тоз-тозы шығады. Сондықтан мұны да өскелең ұрпақ санасына мықтап сіңіріп, ел ішіне іріткі салар теріс пиғылдардан қоғамды қорғауы керек.
Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Елбасы өз сөзінде «Біз Тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға күш жұмсадық. Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін көріп отырмыз (Таулы Қарабақ, Қырым, Грузия және т.б.). Мен өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барымды салдым» деді. Сөз жоқ, бүгінгідей берекелі күніміздің артында кешегі ел шекарасын бекітудегі Елбасының ерен еңбегі жатыр. Жердің қадірін, бабалардың аманатын балалары білуі тиіс. Себебі осыншама кең-байтақ жердің әр тасы үшін қаншама қан төгілді. Талай отбасының отағасы ажал құшты. Талай сәби жетім қалып, жесір саны артты. Сондықтан жерімізді көркейтіп, келесі буынға жеткізу – әр азаматтың парызы.
Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Қазақта «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген түсінік бар. Тамыры тереңде жатыр. Одан бөлек, Отанның өзі отбасынан басталатынын да жақсы білеміз. Демек береке дарып, ынтымағы жарасқан үйден елінің болашағын ойлайтын, дамуына сеп болатын ұл мен қыз шығады. Одан қалса, әрбір шаңырақ – салт-дәстүрдің өзегі. Заманға сай түлеп, озығы қалып, тозығынан тазарып отыратын ұстахана іспетті. Сондықтан ұлттық тәрбиенің бастауы саналатын отбасы мен салт-дәстүрдің заман адамын тәрбиелеудегі маңызы зор.
Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Елбасы «Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор. Сол үшін мәдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал. Басқа халықтарды тек өнер құдіретімен, ғылыми ізденіспен ғана мойындата аламыз» деп атап өтті. Аталған қағиданы іс жүзінде дәлелдеп, миллиардтан астам халқы бар Қытайды да, өркениет орталығы саналатын Еуропаны да мойындатқан хас таланттар көп. Қала берді, ұлтымыздың қанында өнерге деген сүйіспеншілік, мәдениетке деген құштарлық бар. Терең тарихымызбен астасып жатқан ұлттық мәдениетті таныта түсу, дамыту – әрбіріміз үшін міндет. Өскелең ұрпақ та осыны ұмытпауы тиіс.
Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Материалдық табыс пен байлық уақыт өте құнын жоғалтады. Ал білім тозбайды. Еңбек тәжірибе топтауға, талапты ұштауға, адамның талантын танытуға мүмкіндік береді. Әлемдік өркениеттің орталығы саналатын дамыған елдер де білім мен еңбектің арқасында қазіргі деңгейге жетіп отыр. Білім мен еңбек бірлескенде ғана толағай табысқа жетеміз. Бұл – дәлелденген дүние. Сондықтан заман адамын тәрбиелеуде бұлардың маңызы айрықша деп білемін.
Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі. Елбасы «Біз қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз керек. Қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол. Сондықтан прагматизм принциптері бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн» деді. Иә, бүгінгі бәсеке заманы ешкімді де аямайды. Секунд пен минуттың өзінде әлемнің болашақ тағдырына әсер ететін шешімдер қабылданып, оқиғалар орын алып жатыр. Сондықтан қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, жетістікке жетуге тырысуымыз тиіс. Сонда ғана мақсатымызға жетіп, биіктерден көріне алмақпыз.
«Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығы – әрбір жасқа керек құнды кеңес. Оны терең түсініп, ескергенде ғана нәтиже шығады. Сондықтан бұл жеті тұғырды жастар арасында кеңінен насихаттау ісіне айрықша үлес қосқанымыз жөн. Себебі болашақтың жарқын болғанын әрбіріміз қалаймыз. Әр қазақстандықтың мойнында жауапкершілік жүгі бар. Еліміз аман, егемендігіміз мәңгі болсын! Жарқын болашаққа бірге қадам басайық!

Аслан АЛИМБЕК,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты,
Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі.