МҰРАПТАРҒА МҰҢ БОЛҒАН МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Түркістан облысы, Келес ауданында каналдарды тазарту жұмыстары қолға алынды. Басты мақсат – егін маусымы басталғанға дейін ағын судың арнасынан жаңылмай, ысырапсыз егін алқабына еш кедергісіз жетуін қамтамасыз ету.

Тазарудан өтіп жатқан нысанның бірі – Өзбекстан Республикасы аумағынан бастау алатын трансшекаралық «Солтүстік Ташкент» каналы. Механикалық жұмысқа көрші Өзбекстан елінің техникалары тартылған. Аталған канал Өзбекстан Республикасының теңгерімінде болғандықтан Кеңес одағы кезінен бері тазаланбаған. Диқандардың көңілін күпті еткен мәселенің өзегін тарқатуға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев зор үлес қосты. Ол мәселені халықаралық деңгейде көтерді. Нәтижесінде екі елдің жауапты өкілдері келіссөз жүргізді. Сол келісімнің нәтижесінде «Солтүстік Ташкент» каналын шөп-шаламнан, тұнбалардан, коқым-шөгінділерінен тазарту жұмыстары басталып кетті.
Каналдың еліміздің, соның ішінде Келес ауданы аумағындағы бөлігі — 19 шақырым. Ол канал өңірдегі 3 мың гектардан астам жерді суарады.