ЕЛІМІЗДЕ ЕГІЛГЕН КӨШЕТТЕРДІҢ ЖАРТЫСЫНА ЖУЫҒЫ ЖАЙҚАЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында 2025 жылға дейін еліміздің орманды аумағында 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін жүктеген. Оны орындау үшін алдағы жылы республиканың орманды аумақтарында 280 млн түп көшет егіледі. Жоспар бойынша егілген көшеттер 112 мың гектар жерге отырғызылады.

Бұл туралы еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова мәлімдеді.
Вице-министр 2023 жылғы жоспарды да таныстырды. Оның сөзінше 2023 жылы Қазақстанның орман алқаптарында 410 млн түп көшет отырғызылады. Жалпы Президент тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін ел көлемінде 714 миллионнан астам сексеуіл, 638 миллионнан астам қарағай, 120 миллион шамасында шегіршін, 121 миллионға жуық қайың және 407 миллионнан астам түп басқа да ағаш түрі егіледі.
Биыл егілген көшеттердің саны Қазақстанда 130 млн ағашқа жетеді. Отырғызылған көшеттердің 46 пайызы сексеуіл, 35 пайызы қарағай, 7 пайызы шегіршін, 4 пайызы қайың болса қалған 8 пайызы басқа да ағаш түрлері болған. Бұл жұмыстар үшін қазынадан 12 млрд теңге қаржы қаралған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4,6 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 7,4 млрд теңге.
Өз кезегінде вице-министр көктем мен күзде отырғызылатын ағаш көшеттерінің жерсіну көрсеткіші 65 пайызды құрайтынын алға тартты. Министрлік өкілі көшеттердің көктеп, тіршілігін жалғастыруы көп жағдайда климаттық факторларға байланысты екенін айтты. Дегенмен де ол күтімге де көп нәрсе байланысты екенін жасырмады. Сонымен қатар ел аумағында егілген көшеттердің ішінде сексеуілдің тамыр жайып кетуі қиын екенін, шамамен 20-25 пайызға жететінін жасырмады. Мысал ретінде Арал теңізінің құрғап қалған аумағына егілген сексеуілдің жерсініп кету көрсеткіші 20-25% аспай тұрғанын тілге тиек етті.
Вице министрдің бұл сөзінен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін 2 млрд түп көшет отырғызу туралы тапсырмасы тыңғылықты орындала қояды деп айту мүмкін емес сияқты.

Қ. ҚАЛИЕВ.