ТАТУЛЫҒЫ ЖОҚ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ немесе этносаралық оқиғалардың орын алуы неден болады?
Түркістанда «Этносаралық қақтығыстардың алдын алу жолында оның механизмі мен алгоритмін қалыптастыру» тақырыбында семинар өтті. Облыс әкімдігі ұйымдастырған семинарға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы биліктің идеология саласына жауапты бөлім басшылары, ғалымдар, сарапшылар, ҚХА өкілдері қатысты.
Басқосуда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды.
Аталған семинар облыс аумағында түрлі саладағы құқықтық қатынастарда этносаралық қақтығысты туғызуы мүмкін жағдайларды және оның алдын алуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру туралы облыс әкімдігінің, облыс прокуратурасы мен ҚР ҰҚҚ Түркістан облысы бойынша департаментінің және облыстық Полиция департаментінің бірлескен жоспарына сәйкес өткізілді.
Семинардың тізгін қағары Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев болды. Ол Түркістан облысында қоғамдық келісімді нығайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту аса маңызды міндет екенін мәлімдеді. Бұл ретте атқарушы органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері біліммен қарулануы тиістігін ерекше атап өтті.
Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев «Қазақстан: ұлтаралық қарым-қатынастар тарихы, қазіргі уақыттағы этносаралық қарама-қайшылықтар және этномәдени ықпалдастық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
«Бүгінгі семинар өте маңызды. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Дегенмен мемлекет құраушы қазақ ұлтынан бөлек этностар да өмір сүреді. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Ал енді ішінде ымырасы жоқ, татулығы жоқ елдің болашағы да жоқ. Түркістандағы жиында осы мәселені арнайы талқылайын деп отырмыз. Әрине елде этносаралық оқиғалар болды. Бұл кикілжіңдер әлеуметтік мәселелерден, уақытында шешілмеген түйткілдер мен әділетсіз шешімдердің салдарынан туындайды. Сондықтан осы салаға жауапты мамандар, басшылар әрбір мәселені бақылап, уақытында әрекет етулері керек. Арнайы алгоритм мен жұмыс жоспары, жауапкершілік болғаны жөн», — деді Ж.Артықбаев.
Қолданбалы этносаяси институтының әлеуметтанулық зерттеулер департаментінің бас менеджері Дулат Өтеғали «Қақтығыстардың алдын алу тетігі, оның қолданылуы және кемшіліктері. Қақтығыстарға ден қою шараларының алгоритмі» тақырыбында ой қозғады. Қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, пікір алмасты.