ШАРДАРАНЫҢ ШЫМЫРЛАРЫ ҚОРЖЫНҒА 22 АЛТЫН САЛДЫ

Шардара ауданы шымыр жігіттерімен ерекшеленеді. Ауданда қол күресі – армрестлинг спорты дамыған. Спорттың бұл түрін серік еткен қаншама өрендер ауданның мақтанышы атанып, талай тартысты жарыстарда облыстың мерейін асырған. Осы аптада армрестлингтен Румыния елінің астанасы Бухарест қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы күнінде де шардаралық өрендер өрнекті ойын көрсетіп, қоржынға 22 алтын медаль түсірді.

Дүбірлі сайыс бүгін қорытындыланды. Бухарестте өтіп жатқан дүбірлі сайыстың жасөспірімдер және жастар арасындағы жарысы 29-қараша аяқталған болатын. Байрақты бәсекеде ұлттық құрама сапында Түркістан облысы, Шардара ауданының өрендері бақ сынады. Кіл мықтылар жарысқан бәсекеде жерлестеріміз қарсыластарынан басым түсіп, Әнұранымызды 22 рет әуелетті. Ел қоржынына 22 алтын медаль салған сайыпқырандар жанкүйерлер сенімін ақтады.
Атап айтсақ, жасөспірімдер арасында 45 келі салмақта — Базарбай Асылжан, 50 келі салмақта — Ибрагим Әділет (сол қол), Сәрсенбай Жармахан (оң қол), 55 келі салмақта — Раим Бекарыс (сол қол), Мансұр Мұқағали (оң қол), 60 келі салмақта — Серікхан Саят, 65 келі салмақта — Басымбек Нұрболат, 70 келі салмақта — Полат Ермахан, + 70 келі салмақта — Роман Данияр чемпион атанды. Жасөспірім қыздар арасында 50 келі салмақ дәрежесі бойынша — Абдулла Аружан, 60 келі салмақ дәрежесі бойынша — Оразхан Ырысты топ жарды.
Жасөспірім ұлдар арасында 55 келіде — Тұрғанбек Тұрарбек (сол қол), Ахметов Қуандық (оң қол), 60 келіде — Ерсайын Мейрамбек (сол қол), Самат Мұқасан (оң қол), 65 келіде — Мұхамбетов Ердәулет (сол қол), Ақтай Бекқуат (оң қол), 70 келіде Саттар Шерхан чемпион болды.
Жасөспірім қыздар арасында 45 келіде — Зиядулла Назира, 50 келіде -Тазабек Зейнеп қарсыластарына шақ келтірмеді. Ал жастар арасында Сарыбай Ердәулет (65 келі) пен Қаржау Есболат (90 келі) қоржынға алтын жүлде салды.