«ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ЕҢБЕГІМЕН, ТЫНДЫРЫМДЫ ІСІМЕН ЖҰРТТЫҢ НАЗАРЫНА ІЛІГУІ ТИІС»
Қоғамда қордаланып қалған мәселе көп. Миллион халқы бар мегаполисте бір уақытта барлық түйткілдің түйінін ағыту мүмкіндігі тағы жоқ. Бірін жамасаң, екіншісі істен шығады. Оны реттесең, үшінші жерде түйткіл туындайды. Дегенмен бұл мәселенің жылдап шешілмеуіне себеп бола алмайды. Ал қаладағы шағынаудандардың дамуы жергілікті атқарушы билікпен қатар мәслихат депутаттарының қызметіне де байланысты. Себебі көппен жиі кездесіп, көкейлеріндегі өткір сауалдарына жауап беріп жүрген де, халықтың мұңын мәслихат мінберінен айтып, шешілуіне мұрындық болып жүрген де – солар. Сондықтан Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Шыңғыс Қозбаховты сөзге тартып, өткір де өзекті деген сауалдарымызды қойған болатынбыз. Сол сүбелі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
— Әңгімені мынадан бастағым келіп отыр. Бұған дейін де халық қалаулысы сынды құрметті атты арқалап келдіңіз. Мандаттың міндетін де, жауапкершілігін де жақсы білесіз. Ашып айтайықшы, осы күнге дейін не тындырдыңыз? Қазір халық қалаулысы ретінде қандай жұмыстармен айналысып жатсыз?
— Дұрыс айтасыз, депутаттық мандат мен үшін таңсық дүние емес. Мандаттың артар жауапкершілігін жақсы түсінемін. Себебі Шымкент қаласы мәслихатының VI шақырылым депутаты болдым. Ол уақытта №9 сайлау округінен түсіп, халық қалаулысы атанғанмын. Өзіңізге белгілі, менің сайлау округім бойынша, Жаңаталап, Алтынтөбе, Көкбұлақ сынды елді мекендер, қателеспесем, 2015 жылы қалаға қосылды. Енді ғана мегаполистің құрамына кірген ауылдарда сапалы ауыз су, электр жарығы, көгілдір отын мен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу мәселелері болды. Сондықтан аталған түйткілдерді мәслихат мінберінде көтердім. Көп өтпей аталған инфрақұрылым мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Оны мәслихатта қарап, бекіттік. Айтпағым, мен қаузаған, көтерген мәселелердің түп-тамыры бірнеше жыл бұрыннан басталады. Соның шешілуі үшін жұмыс істеп келе жатырмын. Өйткені әр мәселенің басын бір шалып, түйткілдің түйінін ағытпай жүре беру депутаттық қызметіме сын.
Биыл да көптің сеніміне ие болып, халық қалаулысы атандым. Қазір менің сайлау округімдегі мәселелердің бәрі Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасына енген. Мәселе шешіліп те жатыр. Мәселен, бүгінде Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Игілік елді мекендері ауыз сумен қамтылып жатыр.
Алдыңғы шақырылымдағы тағы бір мәселе, қалаға жаңадан қосылған елді мекендерге қоғамдық көлік қатынамайтын. Себебі өзін-өзі ақтамайды. Елді мекендерге баратын небәрі бір ғана маршрут болды. Сондықтан мәселені тез арада бақылауыма алып, әлеуметтік автобустардың жүруіне ықпал еттім. Енді қазір қоғамдық көлік қатынасы бойынша мәселе жоқ. Автобустар саны жеткілікті. Мәселе оң шешімін тапқан.
Есіңізде болар, мектептегі әжетхананың сыртта орналасуынан бірқатар өзекті мәселелер туындаған болатын. Сондықтан кезек күттірмей, қалаға қосылған елді мекендердегі әжетханалардың мектеп ғимаратында орналасуы тиіс екенін айтып, депутаттық сауал жолдадым. Қазір ол мәселе де шешімін тапты.
Миллион халқы бар мегаполисте мәселе де көп. Дегенмен қол қусырып отырғанымыз жоқ. Тұрғындармен тілдесіп, көкейін тескен сауалдарына жауап беріп, түйткілдердің түйінін ағыту мақсатында қызмет етіп жатырмыз.
— Партия депутаттарының арасында рейтингтің іске қосылғанын жақсы білеміз. Бұл жұмысты күшейтеді деген үмітпен қатар, науқаншылдыққа ұласуы мүмкін деген күдікті де көңілге ұялатады. Сіз не айтасыз?
— Рейтинг керек. Себебі тұрғындар депутатты тануы тиіс. Әрине, көп білуі керек деген сылтаумен әлеуметтік желіге үздіксіз пост жазып қойып, әрекетсіз отыра беруге де болмайды. Халық қалаулысы еңбегімен, тындырымды ісімен жұрттың назарына ілігуі тиіс. Рейтинг осыны көздейді. Оның да есептеу жүйесі бар. Тек пост салумен ғана алысқа бармайсың.
Өзіңізге белгілі, Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы бар. Міне сол Жол картасына енген нысандар мен жасалатын жұмыстарды депутаттар бақылап, сапалы орындалуын, дер кезінде көптің игілігіне берілуін назарда ұстайды. Рейтинг дәл осы мониторинг қызметінің сапалы жүруіне ықпал етеді деп санаймын. Мәселен, үш ауысымды мектептердің мәселесін алайық. Осы күнге дейін №8, №35, №46 мектептерге бардым. Мәселе бар. Тұрақты комиссия мүшесі ретінде көтеріп те жатырмыз. 2025 жылға дейін мәселе толық шешіледі. Соған ықпал етудеміз.
Рейтинг екі бағытты көздейді. Біріншісі – сайлаушылардың депутатты тани түсуіне мұрындық болады. Яғни халық қалаулысының тұрғындармен кездесуі, қоғамдық қабылдаулары, шешкен мәселесі рейтингте рөл ойнайды. Жасыратыны жоқ, бұрынғы шақырылым депутаттары бармаған, аяқ баспаған жерлер де бар. Әлеуметтік желілерде жұрттың наразылығын да жиі оқимыз. Ал бағалау міне осындай олқылықтардың орнын толтырады. Бұдан бөлек, биылдан бастап біз партияның атынан сөйлейміз. Партия сенім артып отырғандықтан, әр депутаттың қаншалықты мандаттың міндетін көтере алғандығын айқындау үшін де рейтинг қажет. Екіншісі – сайлауалды бағдарламаның толық орындалуына ықпал етеді. Яғни әр депутат өзінің сайлау округіндегі мәселелерді шешу арқылы өзінің ғана емес, жалпы партияның халық арасындағы беделін арттыра түседі. Ал арзан атақ пен абырой алысқа апармайды. Науқаншылдыққа салынып отырған халық қалаулылары бар болса, тез арада іске көшеді. Әйтпегенде партияның ғана емес, халықтың да сенімінен шығады. Меніңше, ешкім көтере алмайтын жүкті желкесіне артпайды. Депутаттардың бәрі мандаттың міндетін жақсы түсінеді деп ойлаймын.
— Кәсіпкерлік саладағы цифрландыру ісінің көлеңкелі экономикаға тұсау болатыны жиі айтылып жүр. Дегенмен аударымдарға салынатын салық жұртты дүрліктіріп қойды. Сауал көп. Бәлкім, түсіндіру жұмыстарын жандандыра түсу керек шығар. Сала мамандары саралай жатар. Менің білгім келетіні, қаламыздағы цифрландыру ісінің даму қарқынына қандай баға бересіз?
— Мен жұмыс бабымен ТМД елдерінде жиі боламын. Өзбекстанға, Беларусь пен Украинаға бардым. Бір аңғарғаным, еліміз цифрландыру бойынша көш басында болмауы мүмкін. Дегенмен үздік үштікте екенін нық сеніммен айта аламын. Мәселен, біздегі банк қосымшаларының мүмкіндіктері туралы айтқанымызда ресейлік әріптестеріміз аң-таң болады. Қағаз ақша айырбасы көбейген сайын, көлеңкелі экономиканың ауқымы кеңейе түседі. Ал бізде бәрі цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Кімнің қайда не аударғаны анық көрініп тұр. Бұл көлеңкелі экономикадағы қаржыны ашық айналымға шығарды деп ойлаймын. Айтпағым, біздің еліміз интернет-банкинг ісінде көрші елдерге қарағанда әлдеқайда ілгерілеп кеткен.
Ал мынау әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатқан салық мәселесіне келсек, бас-аяғы толық түсінікті деп айта алмаймын. Әлі де түсіндіру керек. Қоғамда сан түрлі сыбыс тарап кетті. Дегенмен алдағы уақытта тиісті мекемелер анық-қанығын ашып, толық түсіндіреді деген сенімдемін. Жалпы бізде кәсіпкерлерге салынатын салық 3 пайызды құрайды. ТМД мемлекеттерімен салыстырсақ, өте аз. Сондықтан кәсіпкерлерді табысты жасырмай, салықты дер кезінде төлеуге шақырамын. Бұл — мемлекеттің алдындағы жауапкершілік. Сіз салығыңызды төлеу арқылы мектептердің салынуына, ауруханалардағы жұмыс сапасының жақсаруына, жолдардың жөнделуіне себепкер бола аласыз.
— Шымкент қаласында жақында «Сергек» камералары іске қосылды. Бұл көлігі бар азаматтарды әбігерге салғаны да белгілі. Жұртты мазалайтыны – айыппұлдың көптігі. Осыған қатысты сіз не айтасыз?
— Қай қоғамды алсаңыз да, ең басты байлық – адамдардың қауіпсіздігі. Қоғамда тыныштық орнап, қылмыс саны азайса, ел гүлдене түседі. Сонымен қатар ереже бұзбаған жүргізушінің айыппұл төлемейтіні бесенеден белгілі. Бізде жол-көлік оқиғалары болып тұрады. Ажал құшып жатқандар да бар. Бір адамның қаза болуы қоғамға қатты әсер етпеуі мүмкін, алайда отбасы үшін ауыр қаза ғой. Міне, сондықтан әр азаматтың өмірі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қоюымыз керек. Қала ішінде рұқсат етілген жылдамдық бар. Тиісті мекемелердің алдында ескерілуі тиіс талаптар бар. Оны ескермеу – өзгелердің қауіпсіздігіне қол сұғу мен қылмысқа жол беру деген сөз. Сондықтан сіз бен біздің отбасымыз, балаларымыз қауіпсіз қоғамда өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауымыз керек.
Бір рет айыппұл төлеген азамат келесіде талаптарды ескеріп, ақылмен әрекет етеді. Көлігі жоғалып, қылмыс болса, бейнекамера арқылы табу мүмкіндігі туады. Мұның барлығы — заман ағымымен келіп жатқан игілік. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде де осы жүйе бар. Айыппұлдың деңгейіне келсек, мұның барлығы есептеліп, сан рет өлшеніп, сосын барып қолданысқа енеді. Сондықтан айыппұл төлеуге емес, тәртіп бұзбауға дағдылануымыз керек.
— Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңі. Олардың бүгінгі потенциалы ертеңгі елдің даму бағдарынан хабар береді. Сіз артыңыздан ерген жастарға не кеңес айтар едіңіз?
— Дұрыс айтасыз, жастардың елдің болашағы екені даусыз. Жақында ғана ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Меніңше, одан асыра айту, санаға жеткізе түсіндіру мүмкін емес. Бұл — жаңа дәуірдегі барша қазақстандықтарға бағдар болатын қағидаттар. Тіл мен діл, салт пен дәстүр, мәдениет пен руханият бәрі қамтылған. Тәуелсіздік, бірлік пен келісім, жер, отбасы мен дәстүр, ұлттық мәдениет, білім мен еңбек, прагматизм – заман адамының ескерер, көкейге бекітіп, санада сақтар құнды қағидалары. Тәуелсіздіктің қадірін түсінетін, бірлік пен келісімнің маңызын ұғатын, жерді қастерлеп, отбасы мен дәстүрді берік ұстанатын, ұлттық мәдениетті дамытып, білім мен еңбек арқылы елдің назарына ілігетін, прагматизм құндылықтарының құнын білетін жастар болса, еліміздің егемендігі мәңгі, тәуелсіздігі тұғырлы боларына сенімім мол.
— Сын адамды қатайтады. Өсіреді. Кейде қате айтылған сын адамның талабын таптап, құлшынысын кемітеді. Ал сіз сынды жиі естисіз бе?
— Көппен жұмыс істегеннен соң, міндетті түрде сын айтылады. Дегенмен ол да сенің нақты қай аймақтың тұрғындарымен жиі жүздесетініңе байланысты. Әрине, қала орталығындағы негізгі мәселелер шешімін тапқан. Сондықтан сынның астына алмауы мүмкін. Ал қала маңындағы елді мекендерге барсаңыз, міндетті түрде сыналасыз. Себебі шешімін таппаған мәселелер бар. Соларға қатысты айтылмайды емес, айтылады. Қоғамда сан түрлі пікір мен ой бар. Бірінің пікірі менімен қабыспауы мүмкін. Енді бірі менің сөздерімнен басқаша ой түйер. Дегенмен оған да назар аударып, түсіндіруден, ортақ диалог құрудан қашқан емеспін.
Менің баса айтқым келетіні, сын да сауатты болуы керек. Сонда ғана сынаушы да, сын айтылған адам да өседі. Қазір мәселенің байыбына бармай, байбалам салатын белсенділер бар. Бәрі емес. Ара-тұра шығып жатады. Сынаймын деп жеке басқа өтіп, адамның қадір-қасиетіне қол сұғады. Сынамасын деуден аулақпын. Сынау керек. Дегенмен нақты дәлелмен, дәйекпен, нақты іске айтылуы тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Сын айтылған адам істің үдесінен шығуға талпынады. Дәл осы тұста, мәселенің мәнін түсініп, жіліктеп, сынай алатын мықты блогерлер мен белсенділердің барын да айта кету керек.
— Қаржы пирамидаларының арбауына еріп, алданып қалған ағайын көп. Біз нені ұмыттық? Нені ескермей жүрміз? Күдікті компаниялардан қалай қорғанамыз? Халық қалаулысы ретінде қандай кеңес бересіз?
— Иә, қазір алаяқтардың көбейгені рас. Жеңіл олжаға қарық болғысы келгендерді құрығына іліп жатады. Қаржы пирамидасы туралы сан түрлі сараптама, жүздеген мақала шықса да, тақырыптың буы басылмай келе жатыр. Керісінше, үдеп барады. Қоғамға қарапайым тұрғыда түсіндіру керек. Мәселен, банктердегі депозиттер бойынша үстемақы 8-10 пайыз аралығында. Банк кредитті 14-20 пайызбен береді. Енді қандай да бір компания айына 20 пайыздық пайда ұсынып отырса, күдіктену керек. Оны жылға шағыңыз. Сонда әлденеше есе артық ақша шығады. Жеңіл ақша ауада жатпайды. Мұндай пайда ұсынған компанияларды жақсылап зерттеген жөн.
Бұдан бөлек, БАҚ-тан қаржы пирамидаларына қатысты зерттеулерді жиі беру керек. Олардың ортақ айлалары, қадамдары, әдістері зерттелуі тиіс. Міне, сонда ғана құрығы ұзарып бара жатқан күдікті компаниялардың жолына тосқауыл бола аламыз деп ойлаймын.
— Осы сұхбатты оқитын оқырмандарға айтарыңыз бар ма?
— Тәуелсіздік алып, егемендігімізді жариялағанымызға да 30 жыл болды. Том-том кітапқа жүк болар терең тарихымыз бар. Ұлттық құндылықтарымыздың ұпайы түгенделіп, мәдениетімізді әлем танып жатыр. Ұлт пен ұлыс ұйысқан мемлекетіміздің бағындырған белестері де бір төбе. Жаһанданудың даңғыл жолына түсіп, құндылықтарымызды көздің қарашығындай қорғап, өз жолымызды қалыптастырып үлгердік. Әрине, мұның артында қыруар іс, ерен еңбек жатыр. Әр қазақстандықтың үлесі бар. Бағытымыз айқын, бағдарымыз түзу. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін! Еліміздің аты тек жақсы жағынан шығып, әлемдік қауымдастықтағы беделіміз биіктей түссін!
Бүгінде қол жеткен, еңсерген биіктеріміз алдыңғы аға буынның қажымас қайраты мен іркіліссіз атқарған ісінің жемісі деп білемін. Ұрпақ сабақтастығы жалғасын тауып, жемісті күндерге жете берейік!
— Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз! Елдің жетістігі мен жемісті межесіне қосар үлесіңіз көп екеніне сенімдіміз. Алдағы игі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз
Сұхбаттасқан,
Құдірет МОМЫНХАН.