«ОМИКРОН» ШТАМЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ШЕКТЕУЛЕР ЕНГІЗІЛДІ

Коронавирус қаһарына мініп барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін індетке қарсы ғалымдар ойлап тапқан бірнеше екпенің қолданысқа енуін мақұлдағанмен, ауруды ауыздықтау мүмкін болмай отыр.

Қарашаның соңғы күндерінде коронавирустың «Омикрон» атты жаңа штамы пайда болды. Мамандар алдыңғы штамдарға қарағанда «Омикрон» айналаға тез тарап, адамдарға жылдам ауыз салатынын айтып дабыл қағып отыр. Осыған орай бірнеше мемлекет Оңтүстік Африкадан шыққан штамм тез тарамас үшін қатаң карантиндік шектеулер қабылдауда. Мәселен, АҚШ, Канада және Еуропаның бірқатар елдері Оңтүстік Африкадан келуші жолаушыларға шекарасын тарс жапты.
Әлем елдерін еркін тыныстауға бет бұрғызбай отырған «Омикронның» басқа штамнан қауіпті белгілері қандай? Тез мутацияға ұшырайтын жаңа штамм адамдарға ауыз салса, жүрек соғысын жиілетеді. Бірақ дәм мен иіс сезу жоғалмайды. Бас ауырып, дене қызуы қатты көтеріледі.
Әзірге коронавирустың қауіпті «Омикрон» штамы әлемнің 23 елінде (2-желтоқсандағы жағдай бойынша) тіркеліп отыр. Елімізде қауіпті штамм әлі тіркелген жоқ. Дегенмен де аптаның сейсенбісінде Қазақстан билігі жаңа штамға байланысты 3-желтоқсаннан бастап карантин шаралары күшейтілетінін ескертті.
Жаңа қаулыға сәйкес, Қазақстанға келген және соңғы 14 күн ішінде Австралия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Египет, Израиль, Италия, Канада, Нидерланды, Чехияға барған адамдар індетке қарсы вакцинасы және теріс нәтиже шыққан ПТР-анықтамасы болғанына қарамастан 7 күн бойы үй карантинінде болады. Сонымен қатар шетелден елімізге әуе рейсімен келген барлық жолаушылар міндетті түрде теріс нәтижелі ПТР-анықтамасын көрсетеді. Сондай-ақ Израиль, Чехия, Нидерланды, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада, Бельгия және Египеттен келген азаматтар вакцинаның екі дозасын салдырғанына қарамастан, мерзімі 72 сағаттан аспаған теріс нәтижелі ПТР-анықтамасын көрсетуге міндеттеледі. Бұл талап бес жасқа дейінгі балаларға қатысты емес.