БАРЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДА ТЕГІН WI-FI ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Келер жылы Шымкенттегі қоғамдық орындардың барлығы тегін интернет сигналын тарататын WI-FI желісімен қамтылатын болады. Бұл туралы қаланың цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мәлімдеді.

Осы бағытта былтыр қаладағы 10 қоғамдық орынға атап айтқанда, Тәуелсіздік, Орталық, Металлург, Жеңіс, Дендро саябақтары және тағы басқа қоғамдық орындардағы 30 жерге «Ақылды күнбағыс» ақпараттық-танымдық кешені орнатылған. Бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерген. Қазіргі таңда «Ақылды күнбағыс» кешенін қолданушылар санының 250 мыңға жуықтағаны соған дәлел.
Биыл дәл осы кешен сынды қызметті атқаратын «Wi-fi aimaq» модемдері қаладағы бірнеше қоғамдық орынға қойылды. Барлығы 30 «Wi-fi aimaq» модемі Бәйдібек би ескерткішінің алаңына (2), Шымкент қаласы әкімшілік ғимаратының маңындағы парк аумағына (4), «Нұрсәт» аллеясына (2), «Тюльпан» субұрқағына (2), Арбат (4), «Нұрсәт» шағын ауданындағы №130 мектеп маңындағы аллеяға (2), «Наурыз» алаңына (4), «Шәмші» аллеясына (2), Дендросаябаққа (6), Қазына саябағына орнатылды. «Wi-fi aimaq» модемдерін қолданушылар саны 9000-ға жеткен.
Басқарма басшысы қаланы дамытудың кешенді жоспарына сай алдағы уақытта қала аумағындағы қоғамдық орындардың барлығын тегін Wi-fi желісімен қамту мақсатында 4 аудан әкімдігімен тиісті зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Соған сәйкес 2022 жылы қала аумағындағы қоғамдық орындардың барлығын тегін WI-FI желісімен қамту жұмыстары жоспарлануда. Тиісті жұмыстар атқарылса қала аумағындағы қоғамдық орындар толыққанды жоғарғы жылдамдықты интернет желісімен қамтылады.