ТӨРТ ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ЖАРЫҚ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Кешегі сенбіде Шымкентте 70 мың абонентті сапалы жарықпен қамтуға қауқарлы «1-М-1» қосалқы станциясы іске қосылды. Жаңа желідегі кернеулі токты салтанатты жағдайда іске қосу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.

Қосалқы станцияның іске қосылу есебінен қаладағы «Асар-2», «Достық», «Қайнарбұлақ» және «Солтүстік саяжай» елді мекендерінің тұрғындары үшін сапалы электр қуаты қолжетімді болды. Бұған дейін аталған елді мекен тұрғындары қуат көзін ескі трансформатор арқылы таратылатын желіден тұтынып келген. Бірақ ондағы қуаттың аз болуынан елді мекен жарықтан жиі ажырайды. Енді ауқымды «1-М-1» қосалқы станциясы жобасының арқасында ол күндер артта қалмақ.
Өз сөзінде қала әкімі Мұрат Әйтенов «Қаланы сапалы электр қуатымен қамту саласында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Электр сапасы төмен 16 елді мекенде электр желілерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін 7 елді мекендегі құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде 21 мыңнан астам адам тұтынатын электр қуатының сапасы артады»,-деді.
Іске қосылған «1-М-1» қосалқы станциясы жуырда пайдалануға берілген «Бозарық» подстанциясынан қуат алады. Қосалқы станцияны іске қосу құны 4,5 млрд теңгеден асқан.
Айта кетейік, Шымкентте 81 елді мекен бар болса, соның 65-і сапалы электрмен қамтылған. Қалған 16-сы жарықты жекеменшік жүйеден алады. Елді мекендерді сапалы жарықпен қамту үшін 11,4 млрд. теңге қаржыға, 4 қосалқы станция мен 16 елді мекеннің ішкі жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүруде. Жыл соңына дейін «Ақжар», «Жалын», «Достық», «Ынтымақ-2», «Айкөл», «Игілік» және «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алаптарындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде қала халқының сапалы жарықпен қамтылуы 95%-дан 97%-ға дейін артады.
Жоспарға сәйкес, 2022 жылға қарай «Жаңаталап», «Қайнар бұлақ», «Солтүстік саяжай», «Достық», «Бозарық-2», «Батыс», «Тұран», «Нұртас» және «Сәуле» шағын аудандарының электр құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындарға пайдалануға беріледі.
Шаһарда 2023 жылы Қызыл су 220кВ және ВЛ 220 кВ қосалқы станциясының құрылысы басталса, 2024 жылы Оңтүстік (220кВ), Тұран (110кВ), Ипподром (110кВ), Шымсити (110кВ) станцияларының құрылысы жүргізіледі.
Аймақтың даму жоспарына сәйкес аталған жұмыстар жүзеге асса, 2025 жылы қала 100 пайыз электр жүйесімен қамтылады.