ТҮРКІСТАН: БІРНЕШЕ БАҒЫТТАР АҚЫЛЫ ЖОЛҒА АЙНАЛАДЫ
Түркістан облысында бірқатар бағыттағы жолдар ақылы болады. Атап айтқанда «Шымкент-Ташкент» бағыты (84 шақырым), «Шымкент-Қызылорда» бағыты (195 шақырым), «Шымкент-Тараз» бағыты (42 шақырым) жыл соңына дейін теңге төленетін тасжолға айналады. Қазіргі таңда аталған бағыттарда көлік құралдарының транзитін үздіксіз бақылауды қамтамасыз ететін қажетті жабдықтар орнатылған.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Беков мәлімдеді.
Оның сөзінше ақылы тарифке көшетін жол бойларында шлагбаумдар болмайды. Тиісінші көлік қозғалысы да шектелмейді. Ал ақылы жолдардың тарифі көлік түрлері мен ондағы жүк салмағына байланысты әртүрлі. Бұл туралы Нұржан Беков: «жеңіл автокөліктерге 1 шақырымға 1 теңге белгіленсе, 16 орынға дейінгі қоғамдық көліктер мен салмағы 2,5 тоннаға дейін көлік иелері 1 шақырымға 5 теңге төлем жасайды. Ал 32 орынға дейінгі қоғамдық көліктер мен салмағы 5,5 тоннаға дейінгі көліктерге 1 шақырымға 10 теңге белгіленсе, 32 орыннан көп жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер мен салмағы 10 тоннаға дейінгі көлік иелері 1 шақырымға 15 теңге төлейді. Сондай-ақ, салмағы 10 тоннадан жоғары көлік иелері әр шақырым жолға 20 теңге төлесе, 15 тоннадан ауыр көліктер үшін 1 шақырымға 25 теңге», — деп атап өтті.
Ақылы жолдарға төлем жасау үшін автокөліктің мемлекеттік нөміріне шотты толтырудың бірнеше нұсқасы (QAJ mobile, Kaspi.kz, Kiwi-әмиян, ForteBank т.б.) қарастырылған.
Ал қызметтік міндеттерді орындауына байланысты жедел медициналық жәрдем көліктері, өртке қарсы қызмет, авариялық-құтқару қызметтері, патрульдік полиция, әскери техника көліктері аталған 3 бағытта тегін жүреді.