ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫ АРҚЫЛЫ 368 ТОННА ТАУАР САТЫЛҒАН

Бүгінде Түркістан облысындағы тұрақтандыру қорының қоймаларында 5,7 тоннадан астам азық-түлік өнімдері сақталуда. Олар ұн, картоп, пияз, қант, күріш, макарон, тұз және тағы басқа әлеуметтік маңыздағы өнімдер болып табылады.

Бұл туралы БАҚ өкілдері үшін өткізілген пресс-тур кезінде «Түркістан» ӘКК тұрақтандыру қоры директоры Лаура Жанасбаева мәлімдеді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа ұсынатын 13 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Одан өзге қаладағы «Дастархан», «Шапағат», «Береке», «Бәйтерек», «Дәулет» супермаркеттерінде әлеуметтік маңыздағы тауарлар сатылатын арнайы сөрелер ұйымдастырылған. Ол жерлердегі тауарлардың бағасы нарық бағасынан 10-20% төмен. Атап айтқанда, кәдімгі дүкендерде картоптың бағасы 200-250 теңге шамасында болса, тұрақтандыру қорының сөрелерінде 100 теңгеге алуға болады. Ал пиязды 70, қантты 80, бірінші санаттағы жұмыртқаның бір данасы 32 теңге болады. Сондай-ақ күнбағыс майының литрі — 690, бір келі қарақұмық — 425, рожки — 186, тауық еті — 870 теңгеден босатылады.
Одан өзге аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп әр жұмада эко базар аумағында ауыл шаруашылығы азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Жыл басынан бері өңірде тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік павильондар, жәрмеңкелер және көшпелі сауда арқылы 367,8 тонна тауар сатылған.