«БҰРАҢ БЕЛ» БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Түркістандағы «Конгресс Холл» концерт залында «Бұраң бел» облыстық би байқауы өтті. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен Қазығұрт ауданы әкімдігі ұйымдастырған байқауда 17 би ұжымы өзара бақ сынасты.
Биден шашу шашылған байқауға ҚР Мәдениет қайтаркері Қазақстанның үздік хореографы, қазылар алқасының төрағасы Айболат Орынбай, Мәдениет саласының үздігі «Яссы» би ансамблінің жетекшісі Қуат Таукеев, «Фараб» би ансамблінің жетекшісі Марианна Шаликашвили, «Жұлдыздар» халықтық би ұжымының жетекшісі Жаннат Балтаева және халықаралық би байқауларының лауреаты Жангүл Ерсұлтанова қазылық етті.
Қазылардың шешімімен «Бұраң бел» байқауында Қазығұрт ауданының «Таңшолпан» би тобы гран-приді иеленді. Ал бірінші орынды Жетісай ауданы «Аяна» би тобы жеңіп алса, 2-орын Арыс қаласының «Алтынай» би тобына бұйырды. Үшінші орындарға Қазығұрт ауданының «Балауса» және Кентау қаласының «Рапсодия» би ұжымдары лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлық тапсырылды.