ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕДЕ ӨҢІРДІҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ТАНЫЛДЫ

Осы аптада Катар елінің астанасы Доха қаласында халықаралық көрме өтті. Үш күнге жалғасқан көрмеде Түркістан облысының Туризм басқармасы және «Turkistan Tourism Center» туристік ақпараттық орталығының өкілдері қатысты. Олар Түркістан облысының туризмін әлемге таныстырды.

«IFP Group» компаниясы ұйымдастырған шара аясында туристік конференция, оқу бағдарламасы, арнайы конкурстар мен кездесулер өткізілді.
Көрме аумағында қатысушаларға 12 шаршы метр көлемінде тегін алаң бөлінген.
Жалпы Қазақстанның туристік нысандары мен көрікті орындарына Катар тұрғындары қызығушылық танытады. Түркістан облысының аталған шараға қатысу туралы шақырту алуының бір себебі де осы.
Сала мамандары халықаралық іс-шараға Түркістан облысы өкілдерінің қатысуы Катардан инвестиция мен саяхатшыларды тартуға ықпал етеді деп сенеді.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айында түркі әлімінің ортақ мекені Түркістан қаласына табаны тиген туристердің саны 1 247 265 адамға жеткен. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге көп.