КҮНГЕЙДЕ СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕНДЕР САНЫ 700 МЫҢҒА ЖЕТКЕН
Ағымдағы жылдың 10 айында Түркістан облысының спортшылары әлем чемпионаттары мен кубоктарында 26 алтын, 8 күміс және 14 қола барлығы 48 медальге ие болды. Ал жалпы халықаралық, республикалық және облыстық жарыстар кезінде сайыпқырандар қоржынға 254 медаль түсірген. Оның 153-і алтын, 72-і күміс, 29-ы қола.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев мәлімдеді.
Сондай-ақ, облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2021 жылдың 10 айында 1 321 іс-шара өткізіліп, оған 150 мыңға жуық адам қатысқан. Оның ішінде ауылды жерлерде 1 мыңға жуық спорттық іс-шара өткізіліп, 110 мыңнан астам адам қамтылған.
Басқарма басшысының сөзінше облыста дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 700 мыңға жуық адамға жеткен. Бұл облыстағы барлық жастағы халықтың 33,8 пайызын құрайды. Ал ұлттық спорт түрімен 84 865 адам шұғылданады екен.
Бүгінде облыста 2 ұлттық спорт түрлеріне мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мектептерде бәйге, аударыспақ, көкпар, тоғызқұмалак, қазақ күресі, асық ату, теңге ілу, саят, конкур және жамбы ату тәрізді 10 спорт түрі бойынша шеберлер дайындалады.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында облыс көлемінде 82 спорт секциясы ашылып, 3 823 бала спортқа тартылған.
Облыста 71 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері мен кәсіпорындары тіркелген. Ол жерлерде 51 976 спортшы мен 1 587 жаттықтырушы жоспарға сай жұмыс істеуде. Облыста 58 (27 олимпиадалық, 31 олимпиадалық емес) спорт түрлері дамытылуда. 2021 жылдың 27-қазанына дейін, облыста 1 — ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, 3 — Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 24 — ҚР спорт шебері, 124 — Спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалған.