Әкімшілік әділет институты – заман талабы
Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі (әрі қарай Кодекс) қолданысқа енді. Аталған нормативтік құқықтық акт, мемлекеттік орган мен жеке немесе заңды тұлғалардың араларында орын алатын жария құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған. Даулар бойынша жауапкер ретінде тек қана мемлекеттік орган болып танылады. Бұған дейін аталған даулар Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай АПК) қағидаларымен қаралып келді.
Аталған кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, оларды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сонымен бірге, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Мемлекеттік, әкімшілік органдар, лауазымды, жеке және заңды тұлғалар Осы кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болады. Әкімшілік рәсімдердің міндеттері – жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту. Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария-құқықтық қатынастарда тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу.
Бұрынғы жария құқықтық дауларды реттеу механизмінен жаңа кодекстің айырмашылығы неде? Қысқаша тоқталып өтейік…
Біріншіден, АПК – көп жағдайда жеке құқықтық қатынастарды реттейтін құрал. Мысалы, көршілері бір-бірінің жер учаскелерінің дұрыс орналаспауы немесе жеке тұлғалар арасындағы келісімшарттан туындайтын даулар. Бұл жерде АПК-нің басты қағидасы – соттың алдында барлығының теңдігі. Яғни тараптар қандай дәлелдеме келтірсе, сот тек қана осы ұсынылған құжаттарға баға беріп, сот шешімін шығарады.
Ал әкімшілік сот ісін жүргізуге келетін болсақ, оның айырмашылығы сот тараптардың ұсынылған құжаттарына, дәлелдемелеріне, түсініктемелеріне қарамастан, істі толық қарау мақсатында басқа құжаттарды талап етуге құқылы.
Екіншіден, кодекс іс тек қана соттың әрекеті емес, онымен қоса мемлекеттік органның жеке немесе заңды тұлғадан өтініш түскен уақыттан бастап түпкілікті мемлекеттік органның өтініш бойынша шешім шығарғанға дейінгі әрекетін реттейді.
Үшіншіден, АПК-нің нормаларына сай талап қоюшы арызында жауапкер ретінде кімді қоятынын өзі таңдайды. Егер сот отырысына дайындық жүргізу барысында арызда көрсетілген жауапкер тиісті емес жауапкер екені анықталса, сот талап қоюшыға осы жауапкерді ауыстыру туралы құқығын түсіндіреді. Егер талап қоюшы бұған келіссе, жауапкер ауысады, ал келіспесе осы жауапкермен іс негізінен қаралады. Ал кодекс қағидалары тиісті емес жауапкерге талап қойылса, судья жауапкерді ауыстыру туралы құқығы түсіндіріліп, талап қоюшы, өз кезегінде, бұл құқығын жүзеге асырмай, одан бас тартса, соттың тиісті тұлғаны екінші жауапкер ретінде тартуға құқығы бар.
Төртіншісі – соттың белсенді рөлі қағидасы. Бұл – жаңа кодекстің ең маңызды қағидаларының бірі. Сот тараптардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтініш хаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеу қажеттігін көрсетеді. Бұдан бөлек, судья әкімшілік істің заңды тұстарына құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын-ала құқықтық пікірін айтуға құқығы бар.
Бесіншісі – ақшалай өндіріп алу процестік мәжбүрлеу шарасы. Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады.
Әкімшілік сот ісін жүргізуде талаптың төрт түрі қаралады – дау айту жөнінде, мәжбүрлеу туралы, әрекет жасау және тану туралы. Дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу міндеті әкімшілік актіні қабылдаған жауапкерге жүктеледі. Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша дәлелдеу міндеті әкімшілік актіні қабылдаудан бас тарту үшін негіз болған фактілер бөлігінде жауапкерге және өзі үшін қолайлы әкімшілік актінің қабылдануы негізделетін фактілер бөлігінде талап қоюшыға жүктеледі. Егер жауапкер нақты жағдайда талап қоюшы қалаған әкімшілік актіні шығаруды болғызбайтын іс жүзіндегі шарттардың болуына сілтеме жасаса, мұндай шарттарды дәлелдеу жөніндегі міндет осы жауапкерге жүктеледі.
Әрекет жасау туралы талап қою бойынша сұратылып отырған әрекет жасаудан (әрекетсіздік танытудан) бас тарту үшін негіз болып табылған фактілер бөлігінде жауапкер және өзі үшін қолайлы фактілер бөлігінде талап қоюшы дәлелдеуге міндетті. Тану туралы талап қою бойынша қандай да бір құқықтық қатынастың болуын немесе болмауын растайтын фактілер бөлігінде талап қоюшы және бұдан былай заңды күші жоқ ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің, сондай-ақ қандай да бір жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) құқыққа сыйымдылығын негіздейтін фактілер бөлігінде жауапкер дәлелдеуге міндетті.
Бұл тұрғыда жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады. Егер барлық дәлелдемелерді зерттегеннен кейін әкімшілік істің нәтижесіне негізделген қандай да бір факт дәлелденбей қалса, онда әкімшілік істі қарау және шешу нәтижелерінің теріс салдарын осы фактіні дәлелдеудің ауыртпалығын көтеретін тарап өтейді.
Қорыта келсек, жоғарыда аталған жаңашылдықтар Еуропаның дамыған елдерінің құқықтық тәжірибесінен алынған және бұл институт мемлекеттік басқару, сонымен қатар, сот төрелігінің ашықтығына, сапасына, сот жүйесіне деген сенімнің жаңа деңгейіне жеткізеді.
А. Дербісова,
Шымкент қаласының
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы.