ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАНДАР 20 МЫҢҒА ЖУЫҚТАДЫ
Биыл Шымкентте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 21 954 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 9 айдағы көрсеткіші бойынша 19 462 адам жұмыспен қамтылған. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2675 адам 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына, екінші бағыты бойынша 2 155 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік курсына оқытуға жолданды. 53 адамға шағын несие, 584 адамға мемлекеттік грант берілді.
Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 8 168 адам бос және жаңа жұмыс орындарына, 336 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2531 адам жастар практикасына, 2845 адам қоғамдық жұмысқа, 115 адам «Алғашқы жұмыс орындары» жобасы бойынша 24 айға жолданды.
Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қала әкімдігінің «Instagram» парақшасында өткен тікелей эфирде мәлімдеді.
Басқарма басшысының сөзінше, қыркүйек айында қаладағы «Арбат» алаңында жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде 790 азамат тұрақты жұмыс тауып, 121 жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа жолдама алған.
Халықты әлеуметтік қорғау бағытында 2021 жылдың І тоқсанында 36 969 отбасыға (179 209 адам), ІІ тоқсанда 30 962 отбасыға (149 147 адамға), ІІІ тоқсанында 19 333 отбасыға (90 177 адамға) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленген.