КЕНТАУ МЕН ТҮРКІСТАНДАҒЫ ӘУЕЖАЙДЫ ЖАЛҒАЙТЫН ЖАҢА ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Осыдан үш жыл бұрын Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлініп шығып, республикалық маңызы бар дербес қала атанғаны белгілі. Сол кезде Президент Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, орталығы Түркістан қаласы болып бекітілген еді. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін Түркістан облысында 5 мың шақырымға жуық жол пайдалануға берілген.

Аймақта жол-құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін қарқынды жүргізіліп келеді. Нысандардың көпшілігі стратегиялық маңызға ие. Мысалы, жуырда Түркістан облысының Созақ ауданы мен Жамбыл облысының Сарысу ауданын жалғап жатқан 24 шақырым жол пайдалануға берілді. Әбден тозығы жеткен бұл жолдың құрылысы 2020 жылдың тамыз айында басталған.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда облыс орталығында Кентау қаласы мен Түркістан халықаралық әуежайын жалғайтын жаңа жолдың құрылысы қарқын алған. 2020 жылдың желтоқсан айында басталған жөндеу жұмыстары 2022 жылға өтпелі. Мердігер мекеме — «Корпорация «Береке А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жолдың ұзындығы 26,6 шақырым болса, ені — 9 метр. Жобаның жалпы құны — 8 млрд 58 млн теңге.

Сонымен қатар облыста «Кентау қаласындағы облыстық маңызы бар КХ-56 «Жамбыл облысы шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай-Р-31» автомобиль жолының 76-91 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Жолды жөндеу жұмыстары осы жылдың қыркүйек айында басталған. Нысанды 2022 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы ұзындығы — 15 шақырым, ені — 6 метр.

Сонымен қатар, Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-7 «Екпінді-Шалдар-Сарқырама-Кеңес-Бірлік» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Жөндеу жұмыстары 2021 жылдың тамыз айында басталып, 2022 жылы аяқталады. Тапсырыс беруші Түркістан жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Мердігер мекеме — «СТ-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жөндеуден өтіп жатқан жолдың ұзындығы — 36 шақырым, ені — 6 метр.