«ҮЛЕС» 30 ОТБАСЫНЫҢ ҮЙЛІ БОЛУЫНА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қоры игі бастаманы қолға алды. «Мұқтаж отбасыларға 30 үй» ұранымен қайырымдылық акциясы аясында қор 30 отбасының баспаналы болуына мұрындық болды. Аптаның сәрсенбісінде қоғамдық қор Түркістан қаласының Бибіажар Салаева есімді тұрғынына бес бөлмелі жаңа баспананың кілтін табыстады. Бұл аталған қоғамдық қордың мұқтаж отбасыларға беріп жатқан кезекті 30 үйі.

Үш немересімен бірге жаңа үйге қоныстанған Бибіажар Салаеваның қуанышына облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов арнайы қатысты. Ол қуаныш иелерін құттықтап, жаңа мекенжай жылы ұяға айналуына тілектестік білдірді.

«Үлес» қоғамдық қорының зор үлес қосуымен бір жарым ай ішінде салынып біткен жаңа үй табиғи газға қосылған. Жайлы тұрмыс үшін жұмсақ жиһаз, көрпе-төсек және тағы басқа қажетті дүниелермен жабдықталған. Қор мүшелері игі шараға атсалысып, қол ұшын созған жергілікті кәсіпкерлерге де алғыс білдірді. Ал облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов болса «Үлес» қоғамдық қорының төрағасы Райымжан Қошқаровқа тұрғындар тұрмысының жақсаруына үлес қосып жүрген жұмыстарына сәттілік тіледі.