Кәсіподақ – еңбек адамының тірегі!
10 қазан – кәсіподақтар күні. Жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты реттеуде кәсіптік одақтардың рөлі зор. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы кәсіподақтар бірлестігінің құрамында 8 салалық кәсіподақтар филиалы және 5 жергілікті кәсіподақ бар. 607 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істеп отыр. Кәсіподақ мүшелерінің саны – 68621.
2020 жылдың 23 желтоқсанында Бас кеңестің шешімімен 2021 жыл «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» болып жарияланған болатын. Осыған орай, биыл бастауыш ұйымдарға қолдау көрсету және еңбек ұжымдарымен тікелей «кері байланыс» жүйесін құру үшін Кәсіподақтар федерациясы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» атты акция өткізді.
Республика бойынша акция аясында онлайн форматта 362 бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесу өтіп, шешуді талап ететін 400-ден астам мәселе көтерілді. Оның ішінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 6 онлайн кездесу өтіп, еңбек адамдарын мазалаған 15 мәселе қозғалып, басым бөлігі оң шешімін тауып, қалған мәселелер шешілу үстінде. Аталған акция аясында қарапайым кәсіподақ мүшелеріне ҚР Кәсіподақтар федерациясы басшылығы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары және мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер өкілдерінің алдында мәселелерді тікелей талқылауға және қоюға мүмкіндік болды.
Еңбеккерлердің көтерген мәселелері көбіне айлық жалақыларын көтеру, емдік-сауықтыру шипажайларына жолдама беру, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша болды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының негізгі функцияларының бірі – әлеуметтік әріптестікке, Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның жұмысына қатысуы.
Жыл басынан бері Шымкент қаласы кәсіподақтар бірлестігімен әлеуметтік әріптестік шеңберінде үшжақты комиссияның 14 кездесуі өтіп, комиссия отырысының қарауына бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан 15 мәселе түскен болатын. Көтерілген мәселелер аясында тиісті жұмыстар атқарылып, мәселелер өз шешімін тауып келеді.
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Кәсіподақтар күніне орай, кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін өзектендіру, еңбек ұжымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мәртебесін нығайту, кәсіподақ бірлігі мен кәсіподақ мүшелерінің ынтымақтастығын дамыту және кәсіподақ жұмысындағы озық тәжірибелерді насихаттау мақсатында өңірлік «Бастауыш кәсіподақ ұйымдары форумы» өткізілді.
Форумға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ қозғалысына елеулі еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға ҚР Кәсіподақтар Федерациясының марапаттарын табыстады. Оның ішінде тұңғыш рет табысталған «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін», «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» және «Еңбек озаты» медальдары бар. Бірқатар азаматтар ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасымен, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек, форумда кәсіподақ белсенділеріне «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан да марапаттар табысталды.
Елімізде аса маңызды заманауи қоғамдық институттар өздерінің заңды өкілеттігіне сай белсенді қызмет атқаруда десек, соның ішіндегі аса маңыздысы – кәсіподақтар бірлестігі. Кәсіподақ — мемлекет пен жұмыс берушіге тәуелсіз, жалдамалы жұмыскерлердің экономикалық мүдделерін, құқығын ұжымдық шарт сынды түрлі құралдармен қорғайтын қоғамдық ұйым. Кәсіподақтар азаматтық қоғамға ынтымақтастық, әділдік, береке-бірлік тәрізді қажетті құндылықтарды енгізеді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген әлеуметтік реформалар кәсіподақтардың басты міндеттерімен үндеседі.
Бүгінде 2 миллионға жуық мүшесі бар Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының жұмысы жанданған және мемлекет саясатын халықпен бірге ортақ мақсат үшін, болашағымыз үшін адал атқарып келеді.
Қоғам байлығы – еңбек адамы десек, қоғамдағы әділеттілік – қоғам дамуының кепілі. Кәсіподақ қай уақытта да еңбек адамымен бірге. Сондықтан кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғаудағы, еңбек заңдылықтарының орындалуын бақылаудағы жұмысымызды жандандыра береміз.
Бауыржан Әлтеев,
«Шымкент қаласы Кәсіподақтар
орталығы» аумақтық кәсіподақтар
бірлестігінің төрағасы