КӨШІП КЕЛГЕН ҚАНДАСТАРДЫҢ 10 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ ШЫМКЕНТКЕ ЖАЙҒАСҚАН

Тәуелсіздік алған жылдан бастап елімізге бір миллионнан аса қазақ оралған. Ал жыл басынан бері елімізге 14 мыңнан астам этникалық қазаққа қандас мәртебесі берілді. Отанына оралған 14 мыңнан астам этникалық қазақтардың жартысынан көбі еңбекке жарамды.

Елге табан тіреген қандастардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түрікменстан мен Моңғолия елдерінен келген. Атамекенге оралған қандастардың 28 пайызы Алматы, 19,3 пайызы Маңғыстау, 13,5 пайызы Түркістан, 8 пайызы Жамбыл облыстарына орналасқан. Ал Шымкент қаласына қандастардың 10,7 пайызы көшіп келген.
Өз кезегінде Шымкентке қоныс аударған 1059 отбасындағы 1539 адамға қандас мәртебесі берілген. Барлығы 221 адамды құрайтын 193 отбасы мәртебесін 6 айға ұзартқан. Бұл осы жылдың 1 қазанына дейінгі мәлімет.
Үшінші мегаполиске ТМД-дан және шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан келгендердің үлесінде. Атап айтқанда, Өзбекстаннан — 1516 адам қоныс аударса, Ауғанстаннан — 11, Қытайдан-5, Ресейден-3, Тәжікстаннан-2, Түрікменстаннан-1, Түркиядан-1 адам көшіп келген. Қоныстану тенденциясы бойынша қандастар Шымкент қаласының әр ауданында қоныстанған.
Айта кетейік, шетелден көшіп келген қазақтардың әр отбасының мүшесіне 200 мың теңгеден біржолғы төлем беріледі. Және оларға ай сайын бір жыл бойы 43-87 мың теңге аралығында ақша төленеді.