КОНДУКТОРСЫЗ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУГЕ №18 БАҒЫТТАҒЫ АВТОБУС ТАҢДАЛДЫ
Алдағы уақытта Шымкентте қоғамдық көліктер жолаушыларды кондукторсыз тасымалдауы әбден мүмкін. Осы бағытта қалада арнайы жоба қабылданды. Пилоттық жоба ретінде жолаушылар тасымалын жүргізетін «Т-Бас» компаниясының №18 бағыттағы автобусы жолаушыларға кондукторсыз қызмет көрсетуде. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Енді пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін таңдалып алынған №18 бағыттағы автобусқа мінген әрбір азамат жолақысын «Төлем» картасы, sms код және qr код арқылы өзі төлей алады.
Жоба бойынша маршрут схемасында 7 аялдама бойында 10 ревизорлы бақылаушы мамандар автобустағы жолаушылардың жолақысын төлеген немесе төлемегенін, егер қолма-қол төлем жасаған жағдайда билет алғандығын тексеріп отырады.
Пилоттық жобаның мақсаты – ашықтықты қамтамасыз ету, жүргізушінің жалақысын көтеру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, жолақы төлемін автоматтандыру. Сала мамандары аталған жоба арқылы жолаушылардың жол жүру мәдениеті көтеріледі деп есептейді.
Мұндай бастама әлемнің дамыған елдері мен Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы сынды ірі қалаларында қолға алынған.