БИЫЛ 118 АУЛА АБАТ БОЛАДЫ

Биыл Шымкентте 118 аула абаттандырылады. Оның ішінде 66 ауланы абаттандыру жұмысы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша жолға қойылған.

Атап айтқанда, биыл Еңбекші ауданында 41 көпқабатты үйдің ауласын жаңарту жұмыстары қолға алынған. Тұрғындардың ұсынысы бойынша қолға алынған жұмыстар аясында аулаларды жаңарту, тозығы жеткен ойын аулаларын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда 24 көпқабатты үйдің аулаларында абаттандыру жұмыстары аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілген. Жалпы аталған ауданда 2011-2020 жылдар аралығында 373 аула абаттандырылған.
Ал, Абай ауданында 21 аула абаттандырылуда. Айта кетейік, аталған ауданда 453 көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғын үйлер барлығы 258 аулаға біріктірілген.
Ағымдағы жылы Қаратау ауданында 29 аула абаттандырылған болса, Әл-Фараби ауданында 27 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, оның 9 аяқталған. Әл-Фарабиде тұрғындар игілігіне берілген алаңдар «Отырар» шағын ауданындағы №11, 12, 13, 38 көпқабатты үй мен Әбдіразақов көшесіндегі №3, 9, 1, 2,15 үй, А. Байтұрсынов көшесіндегі №10, Жангелдин көшесіндегі № 8, 8А үй және Қабанбай батыр көшесіндегі 11А мен 11Б үй ауласында орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 18 аула пайдалануға беріледі.
Алаңшалардағы ойын элементтерінің барлығы Шымкент қаласында өндірілген.