БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУ ҮШІН…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ.
Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз» деп, балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды екенін атап өткен болатын.
Осы мақсатта Шымкентте көпқабатты үйлердің ауласы мен шалғай елді мекендерде ашық спорт алаңдары салынуда. Игі іске демеушілер де атсалысуда.
Бұл бағытта Шымкенттегі Әл-Фараби ауданында биыл 32 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Оның 7-і демеуші есебінен бой көтереді. Бүгінге дейін демеушілер есебінен 4 спорт алаңшасы қолданысқа берілген. Олар Ш. Қалдаяқов көшесі №4/5, Әлімбетов көшесі 45в, «Отырар» шағын ауданы №52 және «Текесу» тұрғын алабында орналасқан. Ал бюджет қаржысына салынатын 25 спорт алаңшасы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Абай ауданында осы жылы 35 спорт алаңшасы орнатылып, 12 спорт алаңы ағымдағы жөндеуден өтеді. Оған қоса демеушілер есебінен 4 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілсе, Еңбекшіде 15 спорт алаңшасын орнату жоспарланған. Бүгінге дейін демеушілер есебінен 1 ашық спорт алаңшасы пайдалануға берілген. Ал 14 спорт алаңы жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Сондай-ақ Қаратау ауданында 2021 жылы 29 спорт алаңын салу жоспарланған болса, оның ішінде 2-і демеушілер есебінен қолданысқа беріледі. Бүгінде демеушілер есебінен салынған 2 спорт алаңшасы пайдалануға берілген. Бюджет қаржысына салынып жатқан қалған 27 спорт алаңы қараша айынан бастап қолданысқа беріле бастайды.