ЖОЛАЙРЫҚ ТҮСКЕН ҚОНАЕВ ДАҢҒЫЛЫ АШЫЛДЫ

Осы жылдың қаңтар айында Д. Қонаев пен Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысынан салынатын жолайрық құрылысының екінші кезеңінің басталуына байланысты аталған көшелер жабылған болатын. Тиісінше жол жабынын бұзу, инженерлік желілердің орнын ауыстыру, жер қазу, тіреу қабырғаларын бетондау, жол өткелінің құрылысы және жол жамылғысын салу жұмыстары басталған. Өткен жексенбіде тиісті құрылыс жұмыстары түгесіліп, Д. Қонаев даңғылы көлік қозғалысы үшін ашылды.

Айта кетейік, қаланың негізгі магистралы саналатын Д. Қонаев даңғылын ашу үшін құрылыс жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталған. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ірі жолайрық салу – үлкен қалаларға тән құбылыс. Бұл нысан құрылысы барысында көптеген қиындықтар болды. Инженерлік жүйелері, яғни, су, газ, электр жарығы, байланыс желілері ауыстырылды. Құрылыс маңындағы көшелерде көлік өткізгіштігі шектен асып, кептелістер орын алып жатты. Бұл әрине тұрғындарға қолайсыздық туғызды. Мерзімінен ерте аяқтау себебіміз де осы»,-деді М. Әйтенов.
Сонымен қатар ол, Д.Қонаев даңғылының ашық тоннель арқылы жерасты өту бөлігінде алдағы уақытта жаяу жүргіншілер жолы салынатынын хабардар етті. Қала басшысы жаяу жүргіншілер жолын салу жобада қарастырылмағанмен оны салу қажет екенін атап өтті.
Нысан құрылысын «Bazis Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Құрылысқа жауапты мамандар қазан айының соңына дейін Т. Рысқұлов көшесінің бір тарапы, қараша айының соңында екінші бөлігі пайдалануға берілетінін алға тартады.
Жолайрықтың Д.Қонаев даңғылы бойынша жалпы ұзындығы — 1 030 метрді құраса, Т.Рысқұлов көшесі бойынша — 684,7 метрге жетеді. Жолдың ені-45 метр.
Жалпы жолайрықтың көлік өткізгіштігі тәулігіне 141 720 құрайтын болады. Айта кетейік, Шымкентте көлік кептелісін азайту мақсатында 5 жолайрық салу жоспарланған.