«ЖҰЛДЫЗДЫ» ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Бүгінде Шымкенттегі «Жұлдыз» индустриалды аймағын инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары қолға алынған. Нысанды инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша құрылыс жұмыстары екі жобадан тұрады.
Бірінші жобада 12,5 шақырым ауыз су жүргізу, 58,2 шақырым электр желісін тарту, 8,9 шақырым табиғи газ жүргізу, 11,4 шақырым кәріз жүйелерін салу жұмыстары қамтылған. Осы бағытта мердігер мекеме «Turan Energo Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8 шақырым ауыз су және 10 шақырым кәріз жүйелерінің траншеяларын қазу жұмыстарын орындады. Нысан 2022 жылға өтпелі.
Ал екінші жоба бойынша 13,2 шақырымға автомобиль жолын салу жұмысы жоспарланған. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Impuls» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған жұмыстардың 10 пайызын атқарған.
Ағымдағы жылға №2 учаске аумағында 2,4 шақырым жол құрылысын аяқтау үшін қосымша қаржы қажет. Аталған нысан құрылысы да келесі жылға өтпелі.
Айта кетейік, «Жұлдыз» индустриалды аймағын құру былтыр қолға алынған болатын. Оның аумағы 306 га жетеді. Жобаны 2021-2022 жылдары іске асыру жоспарланып отыр. Онда құны 100 млрд теңгені құрайтын 30-ға жуық инвестициялық жоба жүзеге асады деп күтілуде.