ЖОЛДАУ ЕЛІМІЗДЕГІ БАРША КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҮНДЕУ БОЛУЫ ТИІС

Ел болып, егемендігімізді алғанымызға да 30 жыл болды. Бұл талай ғасырларды қойнына бүккен қарт тарих үшін аз ғана уақыт болса да мемлекетіміз үшін жемісті де жеңісті жылдар саналады. Сындырлы да сынағы мол сәттерді бастан өткердік. Әлемдік қауымдастықта өз орнымызды тауып, саяси, экономикалық тұрғыда ілгеріледік. Азат аспанымызда әнұранымыз әуелеп, сан түрлі спорт додаларында көк туымыз көкте желбіреді. Қазақстанды әлем таныды. Әйтсе де белгілі бір елдің ғана емес, күллі жаһанның сабырын сынап, қоғамның төзімін тұсайтын сәттер орын алып жатты. Солардың бірі — пандемия.

 

Осындай жауапты кезеңде әр ел қоғамның көшін түзеп, елінің дамуы үшін түрлі бағдарламаларды қабылдап, жұмысын жандандырып жатты. Әрине, біздің еліміз де әуелгілерден болып тиімді шараларды қабылдап, қоғамның сан түрлі саласының алға жылжуы бағытында іркіліссіз іс атқарып жатыр. Соның айқын айғағы ретінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын айтуға болады. Жолдауда еліміздің дамуын көздейтін барлық бағыттар қамтылған. Әсіресе, шағын және орта бизнестің әлеуетіне айрықша мән берілген.
Мемлекет басшысы Жолдауда «Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді»,-деп атап өтті. Пандемия кезінде жұмыс орындарын сақтап қалумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуы бағытында да ауқымды шаралар атқарылды. Жұмыстар жалғасып жатыр, жалғаса да бермек. Атап айтсақ, Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдаламасын жүзеге асырудың Жол картасы негізінде биыл қаламызда 14 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Шымкент қаласы мәслихат депутаттары халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында тынымсыз еңбек етіп етіп келеді.
Жолдау еліміздегі барша кәсіпкерлерге үндеу болуы тиіс. Себебі халықты жұмыспен қамту мен жақсы жалақы берудің негізі кәсіпкерлік салаға келіп тіреледі. Әдетте кей бизнес өкілдері жұмысшыға аз жалақы беріп, ауыр жұмыс істеткенді құп көреді. Бұл – қате түсінік. Өйткені тұрмыстық әлеуеті төмен адамның жұмысқа зауқы болмайды. Мұны жеке тәжірибемнен білемін. Қазіргі уақытта «Барыс – 2007» кәсіпорнын басқарып отырмын. Қарамағымда мыңнан аса қызметкер бар. Демек мың отбасы мен беретін жалақыға қарап отыруы бек мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше жоғары жалақы беруге тырысамын. Сонда ғана жұмыс өнімділігі артады деп есептеймін. Нәтиже жаман емес. Кәсіпорынның тасы өрге домалап, жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келеді. Сол себепті кәсіпорындар маңызды құжатта көрсетілгендей, келер жылдан бастап ең төменгі жалақы көлемін 60 мың теңгеге көтеріп қана қоймай, қолда бар мүмкіндік негізінде одан да жоғары етуге тырысуы тиіс. Сонда кәсіпкер ретінде көптің әлеуметтік ахуалының түзеліп, елдің дамуына үлес қоса алады.
Президент Жолдауда «Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажет. Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет»,-деп атап өтті. Қазіргі уақытта оңтүстік өңірдегі екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтардың солтүстікке көшуі жиіледі. Ал мемлекет басшысы атап өткен бастама олардың кәсіп ашып, мал мен егін шаруашылығымен айналысуына зор мүмкіндік береді. Тұрмыстық әлеуеті түзеліп, жағдайы жақсарған азаматтардың сол өңірге сіңісуі де оңай болмақ. Мұның мемлекеттік бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға зор мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Шымкент қаласы мәслихат депутаттары мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашып, бизнесін дөңгелетуді көздейтін әрбір азаматқа кеңес беріп, жөн сілтеп келеді. Әдетте көппен кездесу барысында тұрғындардың дені кәсіп ашқысы келетіндерін айтады. Бизнесті бастау бойынша сұрақтар қоғамдық қабылдауыма жазылған азаматтарды да қызықтыратынын жасырмаймын. Мұндай уақытта барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда тиісті мекемелерге хат жолдап, тұрғынның сауалына жауап береміз. Міне, осылайша бір азаматқа кәсіп ашудың қыр-сырын үйрету арқылы бірнеше отбасының тұрмыстық әлеуетінің жақсаруына ықпал етіп келеміз.
Бұдан бөлек, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар»,-деп атап өткен болатын. Осы орайда баса айтқым келетіні, қазіргі уақытта қоғамдық қабылдауға әлеуметтік көмек сұрап келетіндер көп. Мұндай жағдайда әлеуметтік көмектен бөлек тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Себебі бір реттік көмек бір отбасыға әрі кетсе 1 ай азық болуы мүмкін. Ал тұрақты жұмыс олардың тұрмысының түзеліп, әлеуметтік ахуалының жақсаруына зор ықпал етеді. Сонымен қатар бұл мемлекет басшысы атап өткен әлеуметтік масылдықтың етек жаюына да тоқтау болады. Ал тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша тиісті басқармадан бөлек, өңірдегі кәсіпкерлермен ынтымақтастық орнатып, жедел жұмыс істеу тетіктерін де қарастырып жатқанымызды айта кету керек.
Жолдауда қоғамның барлық саласы қамтылды деуге болады. Мәселен, мемлекет басшысы маңызды құжатта «2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады» деп атап өтті. Бұл аталған саладағы жастардың жаңа жанр түрлерін игеріп, үнемі ізденісте жүруіне үлкен мотивация болды. Елеусіз қалып, демеушілердің көмегімен ғана күн көріп жүрген сала қызметкерлеріне енді айрықша көңіл бөлінеді. Алдағы уақытта әлемдік деңгейде өтетін додаларда еліміздің атын шығаратын талантты да талапты жастардың көбейетініне сенімім мол.
Жолдауда біріңғай тұрғын үй бағдарламасының қабылданатыны да айтылды. Бұл бастама да пәтер жағалаған жұрттың асыға күткені болатын. Бұл нарықтық ипотека ставкасы қалтаға қонымды бағдарлама арқылы үй алып, қоныс тойын тойлаушылар санының артуына ықпал етеді.
Қорыта келсек, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында бекіткен 5 бастамада әлеуметтік мәселелерден бастап, экономикалық түйткілдерге дейін түгел қамтылған. Сондықтан әрбір қазақстандық үшін маңызы зор. Мемлекет басшысы атап өткен бағыттар пандемиядан кейін отандық экономиканың өсу қарқынын арттырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінің жетілуіне мүмкіндік береді. Әсіресе кәсіпкерлік салаға тың серпін болады. Әрбір азаматтың тұрмыстық-әлеуметтік ахуалын жақсарту бағыты да назардан тыс қалмаған. Тіл мен дәстүр, білім мен медицина, құқық пен құндылық сынды өзектілігі жоғары бағыттар қоғамның ұйысып, ұлттық мүдде тұрғысында ұлы істер атқаруына зор ықпал етеді деген сенімдемін.
Жолдауды жүзеге асыру – әрбір қазақстандыққа жүктелген жауапты міндет. Жұмыла жұмыс істесек, бірлесе биік белестерді бағындыра аламыз. Мұны тарих дәлелдеп берді. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктеп, еліміздің егемендігі мәңгі болсын!

Айжан Наимбекова,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты.